KazNARU ПРОФЕССОРЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП САЙЛАНДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің "Құқық" кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Дауталиев Қазыбек Нұрсейітұлы – Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды.
Қоғамдық кеңестер – бүгінде дамыған азаматтық қоғамның айқын көрінісі. Халық үнін билікке жеткізуші платформа. Бұл Жаңа Қазақстан жағдайында атқарушы және өкілді билікпен қатар қоғамдық биліктің де ролі артып келе жатқанының бір дәлелі.
Бұл маңызды мәселеге Мемлекет басшысы да айрықша назар аударып отыр. Сол себептен тәуелсіз Қазақстан қазіргі кезеңде жаңа қоғам құру процесімен белсенді айналысуда. Бұл өз кезегінде рухани, құқықтық құндылықтарды қайта қарауға, оларды бір жүйеге түсіруге әкеліп отыр. Бұл ретте «заң мен тәртіп» құндылығының орны ерекше. Елімізде заң үстемдігі қатал сақталуы үшін – күшті қоғамдық бақылау болуы шарт.
Профессор Қ.Н.Дауталиев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, заң факультетін, Ресей халықтар достығы университетінің Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетін (философия магистрі) бітірген. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Құрамына 400-ден астам ҮЕҰ кіретін Алматы облыстық Азаматтық альянстың президенті. Қоғам өміріне қажетті заңдарды әзірлеуде қомақты үлес қосып жүрген құқықтанушы ғалым. Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған конституциялық реформалар аясында қабылданған «Конституциялық сот туралы» конституциялық заңды әзірлеу тобында жұмыс істеді. «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын әзірлеу жұмыстарына белсенді қатысты.
Қазіргі уақытта KazNARU студенттеріне "Конституциялық құқық" пәнінен дәріс оқып жүрген аса тәжірибелі оқытушымыздың бірі.
Университетімізде қызмет жасайтын оқытушы-профессорлық құрамы мен ғалымдарымыздың түрлі мемлекеттік және қоғамдық салаларда жетістікке жетуі бүгіде заңды құбылысқа айналып отыр.
Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланған әріптесіміз Қазыбек Нұрсейітұлының жұмысына табыс тілейміз.
KazNARU Баспасөз қызметі