KazNARU СТУДЕНТТЕРІ XVII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ
2025 жылдың 16-17 сәуірінде Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының студенттері арасында XVII Республикалық пәндік студенттік олимпиада жоғары деңгейде өткізілді.
Олимпиада бәсекесіне Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті, E.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университеті, М.Дулати атындағы Тараз университеті секілді 15 жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Олимпиада қазақ, орыс тілдерінде екі кезеңде өткізілді:
Бірінші айналым – тест тапсырмалары;
Екінші айналым – ситуациялық тапсырмаларды шешу.
Ситуациялық тапсырмалар үш негізгі сұрақтан тұрады, әрқайсысы терең ғылыми талдауды талап етті. Қатысушылар виртуалды зертханада нақты практикалық дағдыларды орындау арқылы өз білімдерін іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік алды. Бұл кезеңде студенттердің тапқырлығы, шығармашылық ойлау қабілеті мен сыни тұрғыдан талдау жасау машықтары жан-жақты бағаланды.
Осы зияткерлік додада біздің университетіміздің 6В11201 – «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» БББ білім алушылары «Өрт қауіпсіздігі» пәнінен қатысып, жүлделі II орын иеленді.
Жеңімпаз атанған студенттеріміз Нұрдәулет Шарханов, Нұрмат Жазықбай – "Аграрлық техника жән машина жасау" кафедрасының жанындағы "Тұлпар" ғылыми үйірмесінің белсенді мүшелері, оқу-танымдық және ғылыми-зерттеу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жүрген ізденімпаз жастар.
Олимпиада нәтижесінде олар II-дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, ғылыми жетекшісі – кафедра профессоры Е.Сарқынов ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хатқа ие болды.
Университет абыройын асқақтатқан жүлдегер мен ұстазды жаңа белестерімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі