KazNARU — Қазақстанның Ұлттық аграрлық зерттеу университеті

KazNARU ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗДІ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетініІ Акт залында Әскери кафедра мен жалпы білім беретін пәндер кафедрасы, Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық даму орталығы» бірлесе ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіске 80 жыл» тақырыбындағы республикалық әскери-тарихи конференция болып өтті.

Аса маңызды жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Офицерлер кеңесі» қоғам бірлестігінің, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Қоғамдық даму орталығының, «Арыстан» мамандырылған лицейдің, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің, «Жас Сарбаз» қозғалысының басшылары, Әскери кафедраның оқытушылар мен офицерлері және жас сарбаздар қатысты.

✅ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының конференцияға қатысушыларға арнаған Құттықтауын басшының Бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов жеткізді.

✅ «Құрметті ардагерлер және конференцияға қатысушылар! Ең алдымен, баршаңызды алдымызда келе жатқан 9 Мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүкілхалықтық бұл мереке – ерлік пен елдіктің, аға ұрпақ пен жас буынның асқақ рухы мен ізгі дәстүрін өзара сабақтастырып отыр. Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагер тұлғаларымыздың қаһармандығы мен қайсарлығынан бүгінгі жастар үлгі алып, батырларға қарап бой түзейді. Біздің оқу ордамыздың 30-дан астам түлектері Кеңес Одағының батыры және Еңбек Ері атанғанын білесіздер. Одан басқа да жүздеген тыл еңбеккерлері бар. Қазіргі уақытта университетіміздің профессоры, Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, 103 жастағы Сеиітов Зұлхарнай Сеитұлы және 43 еңбек майданының ардагерлері ортамызда аман-есен жүргенін мақтаныш тұтамыз. Ардагерлеріміз әлі күнге дейін студент жастарды патриоттық тәрбиелеу ісіне белсенділікпен ат салысып келеді. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында барлық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне тағы да басымызды иіп, шексіз құрметімізді білдіреміз!» - делінген құттықтауда.

✅ Бұдан ары П.Ш.Ибрагимов университетіміздің мақтаныштары – 28 гвардияшы панфиловшылардың бірі Әлікбай Қосаевқа 1941 жылы 16 қарашада Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезіндегі ерлігі үшін, және Алматы Зоовет түлегі Ерденбек Ниетқалиевке 1945 жылдың 24 наурызында Польшаның Рацебур қаласын азат етудегі ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін, олардың ел мен жерді қорғаудағы ерлік істері кйінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге екенін атап өтті.

95 жылдық бай шежіресі бар біздің университетімізде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жоғары дәрежеде жүргізіледі. Студенттер үшін «Айбын» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Құрылғанына биыл 77 жыл толып отырған Әскери кафедрамыз осы уақытқа дейін 60 мыңнан астам запастағы офицерлер мен сержанттар дайындап шығарды. Биылғы оқу жылында 496 студент 13 түрлі әскери мамандық бойынша оқытылуда. Олар Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери резервін қалыптастырып, «запастағы лейтенант» және «запастағы сержант» атағын алып шығады. Университет басшылығы Әскери кафедраның оқу-материалдық базасын жаңғыртып, одан ары жетілдіру және оқу сыныптарын жабдықтау мақсатында қосымша құрал-жабдықтармен толықтырып отырады.

✅ «Бұл арада қайталап айтамын, біздің университетте білім культі маңызды болуы тиіс. Сіздер мен біздің мақсатымыз – Әділетті университет құру, оқу ордамыздың бұрынғы дәуірлеген даңқын қайтару. Осы мақсатта сапалы оқуға қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға ғылыми зерттеу оқу орнына айналу үшін бар күш-жігерімізді арнаудамыз. Жаңа Қазақстанның болашақ кадрларына сапалы білім мен саналы тәрбие беру, Отан қорғау мен ел игілігі үшін адал қызмет етуге баулу – біздің ең абыройлы міндетіміз!», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Әскери кафедра бастығы, полковник Әділбеков «Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» атты баяндамасында еліміздің еңбеккерлері майдан үшін қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын және орасан көлемде көмір мен мұнай жөнелтіп отырғанын еске салды.

«Соғыста пайдаланылған әрбір 10 оқтың тоғызын қазақтар жасады. Ауыл-село тұрғындары майданға 1500 вагон киім-кешек, 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түліктер, өнеркәсіп үшін шикізат берді. Мұның бәрі аңыз емес – ақиқат. Аға буынның ынтымағы, ерлігі мен қайсарлығы – өскелең ұрпақ үшін отаншылдықтың озық үлгісі болып табылады», - деді Еркін Қорабайұлы.

✅ Конференция барысында Қазақстанның Құрметті журналисі, панфиловшы Әлікбай Қосаевтың немересі Майлыбаева Асхан Қожакелдіқызы, Ерденбек Ниетқалиевтің інісі Ниетқалиев Әсет Әнуарбекұлы, Қоғамдық даму орталығының ғылыми және білім беру саласымен өзара әрекеттесу бөлімінің басшысы Қасыметова Бақытгүл Техникқызы, Республикалық «Офицерлер кеңесі» қоғам бірлестігінің Президум Төрағасының орынбасары, полковник Халафов Габиль Имамеддинұлы сөз сөйлеп, майдангерлердің ерлік істерін дәріптеу, сол арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісі – бүгінгі күні жүйелі жүргізіліп келе жатқаны туралы толғанып, ой-ұсыныстарын ортаға салды.

✅ Конференцияға белсене қатысқан спикерлер Университет басшылығы және «Қоғамдық даму орталығы» атынан Алғыс хаттар мен Сертификаттармен марапатталды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін пәндер кафедрасының жетекшілігімен Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың үлгісін көрсеткен қазақтсандықтар туралы үлкен көрме ұйымдастырылды. Студентер көркемөнерпаздар күшімен патриоттық тақырыптағы әндер орындалды.

✅ Полковник Габиль Халафов Университет басшысы Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы мен бір топ қызметкерді Республикалық «Офицерлер кеңесі» қоғам бірлестігі Президумының атынан «Ұлы Жеңіске 80 жыл мерейтойлық медалімен» марапаттады.

✅ Марапаттарыңыз құтты болсын, әріптестер! Халқымыздың рухын асқақтатқан Ұлы Жеңістің алда келе жатқан айшықты мерекесін лайықты қарсы алайық!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник