ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ ҚАЗЫБЕК ДАУТАЛИЕВ KazNARU ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ҚР Ұлттық құрылтай мүшесі, Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Дауталиев Қазыбек Нұрсейітұлы студент жастармен кездесіп, «Қоғамдық бірігудің жаңа кезеңі» атты тақырыпта әңгіме өрбітті.
«Жастар – біздің еліміздің ең басты стратегиялық ресурсы. Сондықтан болашағымыз зерделі, білімді, білікті жастардың қолында. Бұл бұлжымас қағидат. Жастардың тағдыры – ұлттың тағдыры. 2024 жылғы статистикалық есеп бойынша еліміздегі 35 жас¬қа дейінгі жастардың саны халықтың үштен біріне жуықтады. Мемлекеттік даму стратегиясында жастар саясаты тиімді қалыптастыру және жүйелі іске асыру белгіленген. Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық құрылтайдың әрбір шешімі де жастардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған. Оны білу және жүзеге асыру осында отырған әрбір студенттің азаматтық борышы», - деді Қазыбек Дауталиев.
Одан ары Ұлттық Құрылтайда белгіленген еліміздің ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша тарқата сөйлеген спикер «Қазіргі жастардың құндылықтары» тақырыбында талдау жасай отырып, Әділетті Қазақстан концепциясы, ұлттық дәстүрлер мен жаһанданудың үйлесімділігі, білім мен ғылымды дамыту, жастар саясатындағы инновациялар бойынша көптеген өзекті мәселелерге тоқталды.
«Жастарды қолдау мен дамыту үшін бүгінде қажетті жағдайлар жасалуда: заманауи білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрғыдан қолдау, баспанамен қамтамасыз ету бойынша бірқатар гранттық жобалар жүзеге асырылды. Түрлі салада қызмет істеп жүрген жас таланттарды анықтап, материалдық қолдауға арналған байқаулар ұйымдастырылуда. Ал сіздердің міндеттеріңіз – осы берілген мүмкінідкетерді ұтымды пайдалана отырып, жақсы білім алу, білікті кадр атану, сол арқылы Отанға адал қызмет ету», - деді Қазыбек Нұрсейітұлы.
Қатысушы жастар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алатын құндылықтар және азаматтық қоғам құру, цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану, руханият және туралы сауалдар қойып, өздерінің ұсыныстарын ортаға салды.
KazNARU Әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша жетекші маман Мақсат Иманбеков мазмұнды кезедесу өткзгені үшін қонаққа ризашылық білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі