ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН БІР ТОП ҒАЛЫМ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында бір топ ғалымды елеулі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Атап айтқанда, 4 ғалым «Парасат», 15 адам «Құрмет» орденіне ие болды. Бұдан бөлек, 6 маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілсе, тағы 2 ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы табыс етілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС зертханасының меңгерушісі Есімбекова Минура Ахметқызы «Парасат», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» жоғары ғылыми ұйымының Вице-президенті Серікқанов Абай Серікқанұлы, ҚР ҰҒА академиктері Біләлов Дархан Нұрланұлы, Қалтаев Айдархан, Сұраған Дүрбітхан, Тұрысбеков Ерлан Кеңесбекұлы, ҚР ҰҒА бас ғалым хатшысы Тоқбергенов Исмайыл Тасанбиұлы «Құрмет» орденімен, ҚР ҰҒА академигі Бакенов Жұмабай Бекболатұлы «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағымен мараптталды.
Мемлекет басшысы ғалымдардың ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген белсенділігіне ризашылығын білдірді.
«Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ғалым – ұлттың шамшырағы», - деді Мемлекет басшысы.
Жаңа Қазақстан дәуіріндегі тың көзқарастар мен ғылыми шығармашылық ізденістеріңіз жемісті жалғаса берсін!
Марапаттарыңыз құтты болсын, құрметті әріптестер!
KazNARU Баспасөз қызметі