KazNARU және ХАРБИН ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ (ҚХР) ВЕТЕРИНАРИЯ ҒЫЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Харбин ветеринарлық зерттеу институты делегациясының мүшелерімен кездесті. Делегацияны Қытай АША ХВЗИ бас директоры Бу Чжигао мырза басқарып келді және тараптар ветеринария ғылымы саласындағы байланыстарды кеңейту мен тереңдету бойынша пікір алмасты.
Кездесуге Қытай АША Жоғары мектебінің Ветеринария факультетінің деканы Лю Йимин, профессор Ху Сен, ХВЗИ Кеңсесінің бастығы Ши Синмин, профессор Сун Юань, бас ғылыми қызметкер Инь Синь, Халықаралық ынтымақтастық ҒЗУ департаменті директорының орынбасары Чжан Цзин қатысты.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болып табылатынын және «Бір белдеу – бір жол» бастамаларын қолдайтынын және көрші елдер түрлі бағыттар бойынша, оның ішінде аграрлық салада да жемісті ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.
«Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің басымдықтарын іске асыру мақсатында, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде Қытай АША Харбин ветеринариялық зерттеу институты мен KazNARU «Жануарлар ауруларының алдын-алу және бақылау бойынша инновациялар мен технологиялар трансферінің Қазақстан - Қытай платформасын» құру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды», - деп атап өтті Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Бұл бастаманың мақсаты – трансшекаралық, зооноздық және аса қауіпті инфекциялармен күрес жөніндегі тиімді шешімдерді әзірлеу және енгізу, сондай-ақ халықаралық ветеринариялық мамандардың жаңа буынын даярлау үшін ветеринариялық медицина саласындағы қазақстандық және қытайлық ғалымдардың ғылыми және технологиялық әлеуетін біріктіру болып табылады.
KazNARU Басқарма Төрағасы - Ректор, ҚР ҰҒА президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының басшылығымен соңғы үш жылда 40-тан астам қытайлық ғылыми-оқу ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ біліктілік кадрларын даярлау бойынша жүргізілген жұмыстарда елеулі жетістіктер бар.
«Қазақстан-Қытай платформасын құру ветеринария саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуда жаңа бетбұрыс болып табылады. Келісімшарт эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сараптамалық біліммен алмасуға және жануарлар ауруларын диагностикалау мен алдын-алудың заманауи әдістерін енгізуге бағытталған», - деп толықтырды Пірімқұл Ибрагимов.
Өз кезегінде Харбин ветеринарлық зерттеу институтының Бас директоры Бу Чжигао Қазақстан-Қытай платформасын құру биоқауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлеріне берілген уақтылы жауап екенін атап өтті.
«Қазақстанның кең аумағы мен бай ресурстары бар, бұл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамытуда айқын артықшылық болып табылады. Екі елдің ғылыми ресурстарын біріктіру өңірдегі эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенімдіміз. Сондай-ақ біздің институттың өңірдегі жетекші аграрлық жоғары оқу орны, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен ынтымақтастығы – бұл эпизоотияға қарсы қауіпсіздіктің және ветеринария ғылымының тұрақты дамуының заманауи халықаралық моделін құруға жасалған сенімді қадам», - деді Бу Чжигао.
Кездесу өте сындарлы жағдайда өтті және қонақтар жоғары оқу орнының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен таныса отырып, университетте қолға алынған инновациялық ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады.
KazNARU баспасөз қызметі.