КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БЕЛСЕНДІ ЖАЛҒАСУДА
2025 жылғы 08 сәуірде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті өкілдерінің қатысуымен жер жерде өтіп жатқан кәсіби бағдар жұмыстарына қатысу, оқу ордамыздағы білім берудің жаңа стандарттарын таныстыру және болашағы зор ауыл шаруашылығы мамандықтарын насихаттау жұмыстары одан ары жалғасын тапты.
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен екі күндік «Study in Kazakhstan» көшпелі білім беру көрмесі аяқталды. KazNARU Қабылдау комиссиясының директоры Айнұр Қайырбаева бастаған мамандар жоғары сынып оқушыларымен және ата-аналарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстары аясында университеттің буклеттері мен ақпараттарын таратты.
Кездесуге Атырау қаласынан 6 340, жеті ауданнан барлығы 6 286 жоғары сынып оқушылары қатысты. Келушілерді KazNARU базасында ашылған, екі дипломдық білім беру бағдарламасына негізделген «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ҰЗУ филиалы туралы бейнеролик ерекше қызықтырды. Біздің универсиетте жоғары білім алғысы келетін талапкерлер де өз ниеттерін білдірді.
Бүгін сондай-ақ, Алматы қаласындағы Медеу ауданы әкімдігі ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Келешек мамандығын таңда!» атты кәсіби бағдар көрмесіне «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының профессоры Балғабаев Ә.М., аға оқытушы Әбдірахымов Н.Ә. және «Орман ресурстары, аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының профессоры Абаева Қ.Т. қатысып қайтты.
Осындай маңызды кәсіптік бағдар іс шарасы Семей қаласының №49 орта мектеебінің бітіруші түлектері үшін де өткізіліп, еліміздегі жетекші аграрлық оқу ордасының озық тәжірибелері жайлы ақпараттармен бөлісті. Мамандар түлектердің ҰБТ және қабылдау ережелері туралы сұрақтарына толықтай жауаптар қайтарды.
Кәсіби бағдар беру іс-шаралары Ақтау қаласы Оқушылар сарайында және Жаңаөзен қаласының Мұнайшы мәдениет үйінде, Алматы қаласы мен Жамбыл, Жетісу, Алматы облыстарының аудандарында жалғасады.
KazNARU баспасөз қызметі