KazNARU — Қазақстанның Ұлттық аграрлық зерттеу университеті

KazNARU АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА КӘСІБИ БАҒДАР КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

✅ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 03-12 сәуір аралығында еліміздің батыс өңірлерінде «Study in Kazakhstan» ауқымды көшпелі білім беру көрмесі басталды.

Көрме барысында мектеп бітіруші түлектер жетекші қазақстандық университеттер мен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары өкілдерімен тікелей кездесіп, ҰБТ-2025 және грант туралы ақпараттар алып, IELTS тапсыру жолдарымен таныса алады.

✅ Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Талантты жастарды қолдау және жоғары білімді қолжетімді ету» мақсатындағы ауқымды іс-шарасы Қ.Жұбанов атындағы университеттің Студенттер сарайында болып өтті.

✅ KazNARU Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Айнұр Қайырбаева бастаған мамандар Ақтөбе қаласы мен облысынан келген жоғары сынып оқушыларына бүгінгі таңда заманауи зерттеу университетіне айналудағы басты жетістіктермен таныстырды.

✅ QS әлемдік рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бесінші, Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында алтыншы орынға көтерілген оқу ордамыздың материалдық-инфрақұрылымдық базасы нығайып, халықаралық ғылыми-білім беру байланыстары дамып келеді. ҚХР-дың 40-қа жуық университеттерімен ынтымақтастық нәтижесінде IT-технологияларды пайдалана отырып, су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі халықаралық зертхана, Ауыл шаруашылығы дрондарын басқаруды оқыту және зерттеу сияқты т.б. көптеген ғылыми орталықтар құрылуда.

✅ 2024 жылы университетте жаңадан «Су ресурстары» факультеті құрылды. Мемлекет басшысының қолдауымен «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ҰЗУ филиалы құрылды, онда екі дипломдық білім беру бағдарламалары негізінде су саласына мамандар даярлануда.

✅ Сонымен қатар, жаңаша білім беру мүмкіндіктері, қабылдау ережелері мен гранттар туралы, шетелдік серіктес университеттермен бірлескен бағдарламалар, «Дуалдық білім» жүйесі бойынша тәжірибе алу мүмкіндіктері түсіндірілді. Мысалы, шетелдік жетекші оқу орталықтарымен бірлесіп, университетте 7 екі дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда.

✅ «2025 жылы Ақтөбе облысының түлектеріне 35 бюджеттік орын бөлініп отыр. Біздің мақсатымыз – болашақта сұранысқа ие, аграрлық саланың білікті мамандарын жоғары деңгейде дайындаудағы озық тәжірибелерімізді түсіндіру. Қатысушыларға бейне роликтер көрсетіліп, қосымша ақпараттық парақшалар таратылды. Кездесу барысында ІТ инженер, ветеринария сияқты мамандықтар бойынша біздің университетке грантқа тапсыруға ниет білдіргендер аз емес», - дейді Айнұр Елтайқызы.

✅ Еске сала кетейік, көшпелі білім беру көрмесі мына күндері өтеді:

●3-4 сәуір – Ақтөбе қаласы, Студенттер сарайы, Ә. Молдағұлова даңғылы 34,

●7-8 сәуір – Атырау қаласы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Студенттер даңғылы 1.

●10-11 сәуір – Ақтау қаласы, Оқушылар сарайы, 17 ш/а, 17/1 ғимарат.

●11 сәуір – Жаңаөзен қаласы, Мұнайшы мәдениет үйі, Жалын ш/а, 1В ғимараты.

KazNARU баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник