KazNARU Scientists Held a Seminar for Camel Breeding Farmers in Otyrar District, Turkestan Region on “Reproduction of Dromedary and Bactrian Camels”
Соңғы 10 жылда Қазақстан Республикасында түйе санының арту үрдісі байқалады, сонымен қатар бағалы, экологиялық таза өнім шұбат, ет өндірісі арттып келеді. Түркістан облысының Отырар ауданының табиғи-климаттық жағдайлары түйе шаруашылығына, әсіресе сүтінің жоғары өнімділігімен танымал Дромедар тұқымына қолайлы. Сондықтан біз бұл ауданда «Буаздықты сақтаумен байланысты гендердің экспрессиялық профилін зерттеу және Дромедар түйелерінің овуляциясын индукциялау үшін OIF қолдану тиімділігін зерттеу» жобасын жүргізу үшін таңдадық. Жоба бойынша түйелерде доминантты және субдоминантты фолликулалардың өсу динамикасы, эструс циклінің сипаттамалары, еркек түйелерден эякулят алу әдістерін оңтайландыру, сперматозоидтардың сапасын бағалау және аналық түйелерде тік ішек пальпациясын, репродуктивті мүшелерді ультрадыбыстық сканерлеуді және прогестерон мен эстрадиолды ИФТ арқылы анықтауды қолдана отырып, буаздықты анықтау әдістерін әзірлеу сияқты өзекті мәселелерге бағытталған.
2025 жылдың 12 қарашасында Түркістан облысының Отырар ауданында «Дромедар және Бактрия түйелерінің репродукциясы» тақырыбында семинар өтті. Қатысушылардың арасында Отыр аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ұ.Б. Әбдірахимов, түйе өсіру шаруашылықтарының басшылары мен мамандары, ауылдық округтердің ветеринарлары, ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері және Оңтүстік-батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері болды.
Жоба жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Е.С. Үсенбеков семинарға қатысушыларға зерттеу нәтижелерін баяндады. Жоба аясында Отырар ауданында аналық түйелердің көбеюі үшін маңызды прогестерон және эстрадиол гормондарының деңгейлерінің динамикасы зерттелді. Аналық түйелердің доминантты және субдоминантты фолликулаларын ультрадыбыстық сканерлеуден қызықты нәтижелер алынды. Бұл зерттеулер ғалымдарға аналық түйелердің репродуктивті функциясын синхрондау және белсендендіруге теориялық тұрғыдан негізделген әдісін әзірлеуге мүмкіндік береді. Семинарға қатысушыларды аталық түйелерден эякулят жинау әдістерін оңтайландыруға және алынған сперматозоидтардың сапасын бағалауға бағытталған зерттеу нәтижелері ерекше қызықтырды. Аналық түйелердің буаздығын балау әдістерін әзірлеу және енгізу фермерлер үшін өте практикалық маңызды. Түйе фермаларындағы практикалық жағдайды талдау фермерлер үшін аналық түйелердің буаздығын уақтылы және дәл диагностикалаудың ерекше маңызды екенін көрсетеді.
Осы жобаны орындау барысында жобаны жүзеге асырушылар буаздықты балаудың келесі клиникалық әдістерін оңтайландырды. Тік ішек арқылы пальпациялау бедеулікті дәл анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, ветеринарлар аналық түйелердің анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты буаздықтың нақты мерзімін әрдайым анықтай алмайды. Жатыр тармақтары мен ұрықты пальпациялау буаздықтың төрт-жеті айлары аралығында қиын, себебі бұл кезеңде жатыр құрсақ қуысына терең түсіп кетеді. Буаздықтың алғашқы кезеңдерінде эмбрион имплантациясын анықтау үшін жатырды ультрадыбыстық сканерлеу ұсынылады. Жобаны жүзеге асырушылар буаздықты балау үшін прогестерон концентрациясын анықтауды, қан сары суы үлгілерінде ИФТ сынағымен тексеруды ұсынады. Егер сарысу үлгілеріндегі прогестерон концентрациясы 15 нмоль/л-ден жоғары болса, онда жануар буаз болып саналады.
Аталық түйе эякулятының сапасын алғаш рет микроскопиялық және молекулалық әдістерді қолдана отырып егжей-тегжейлі зерттеу жүргізілді. Аталық түйелердің эякулятының орташа көлемі 3,5-5 мл, тығыздығы сирек және сперматозоидтардың белсенділік көрсеткіші 4-5 деп анықталды. Сперматозоидтардың ДНҚ фрагментациясының деңгейі анықталды, сондай-ақ сперматозоидтардағы ядролық ақуыз протамині мен гистонның мөлшері анықталды.
Түйелердің көбею функциясын әртүрлі географиялық жағдайларда зерттеу түйелердің көбеюі саласындағы танымал ғалымдардың, соның ішінде Үнді ғалымы профессор Sumant Viyas, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Түйелерді көбею орталығының» ғылыми директоры, профессор Lulu Skidmore қатынасуымен, Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург-Пушкин қаласы Ленинград мемлекеттік университетінің профессоры В.П. Терлецкийдің қатысуымен жүргізілді.
Семинарға Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмыс жөніндегі директорының орынбасары, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаттары М.А. Қалғымбаева және Ермаханов М.Н. қатысты. Семинарда сөз сөйлеген М.Н. Ермаханов жүргізіліп жатқан зерттеулердің ерекше өзектілігін, түйелердің физиологиялық жағдайын диагностикалаудың қолжетімді әдістерін енгізудің практикалық маңыздылығын және түйе шәуетін жинау әдістерін оңтайландырудың практикалық маңыздылығын атап өтті.
Отырар аудандық ветеринариялық станциясының мал дәрігері Әлсейтов Темірәлі семинарға қатысушылар ұсынылған балау әдістер фермадағы түйелердің буаздығын анықтауға және гинекологиялық патологиясы бар жануарларды анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Фермер Мұстафин О. сүт өндірісін арттыру үшін шетелдік асыл тұқымды жануарлардан түйелерге эмбрион трансплантациялау технологиясын енгізу мүмкіндігін ескертті. Іс-шараның модераторы, Отырар аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы, қорытынды сөзінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдарына фермерлер үшін зерттеу жұмыс нәтижелері бойынша терең, пайдалы презентация өткізгені үшін алғысын білдірді.
Зерттеу жұмыстарын ұйымдастырғаны және зерттеу нәтижелерін ауданның түйе шаруашылықтарында енгізуге қолдау көрсеткені үшін аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ұ.Б. Әбдірахимовқа «Алғыс хат» табыс етілді және алдағы уақытта аудан экономикасын жақсарту және мал шаруашылығының маңызды саласы - түйе шаруашылығын дамытуды үлкен жетістіктерге жету туралы тілек білдірілді.
«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Усенбеков Е.С.
«Клиникалық пәндер» кафедрасының профессоры Койбагаров К.У.
«Клиникалық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Хизат С.