ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ ДЕЙІН: KazNARU СТУДЕНТТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕЛІК ДАҒДЫЛАРЫ МЕН КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Өндірістік тәжірибе студенттерге іс жүзінде тәжірибе жинақтауға, теориялық білімдерін пысықтауға және болашақ кәсіби қызметіне дайындалуға мүмкіндік беретін оқу үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады, кәсіби дағдыларды қалыптастыруға, жауапкершілікті, тәртіпті және дербестікті дамытуға ықпал етеді.
Студенттер өндірістік тәжірибеден өту кезінде алған теориялық білімдерін шынайы өндіріс жағдайларында қолданады, нақты тапсырмаларды орындайды, жұмыс үдерістерін қадағалайды, өндірістік міндеттерді орындауға қатысады және өндірістік тәжірибенің қорытындысы бойынша есеп дайындайды.
2025-2026 оқу жылында 6B09103 – «Ветеринарлық тағам қауіпсіздігі және технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 5 курс студенттері 2025 жылдың 20 қазаны мен 21 қарашасы аралығында KazNARU-дың Ғылыми-білім беру технологиялық платформасының аккредиттелген Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығында өндірістік тәжірибеден өтті.
Өндірістік тәжірибеден өту барысында студенттер Орталық зертханаларының құрылымымен және функционалдық қызметімен, өлшеу құралдарымен, сынақ және технологиялық жабдықтарымен, сүт және сүт өнімдері, ұн, нан және нан-тоқаш өнімдерінің органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштерін зерттеудің заманауи стандартты әдістерімен танысты.
Стандарттарды зерделеу және қатаң сақтау тағам саласының мамандарына негізделген технологиялық шешімдер қабылдауға және жоғары сапалы әрі қауіпсіз тағам өнімдерін өндіруге кепілдік беретіні белгілі.
Осыған орай, 6B09103 – «Ветеринарлық тағам қауіпсіздігі және технологиясы» білім беру бағдарламасының студенттері азық-түлік шикізаты мен тағам өнімдерінің (бидай ұны, шикі сүт, ауыз сүті, нан, нан-тоқаш өнімдері, айран, ряженка, простокваша, йогурт, ацидофилин, бифидум бактерияларымен байытылған сүтқышқылды өнімдер) ұлттық және мемлекетаралық стандарттарымен, тағам өнімдерінің сапасына, қауіпсіздігіне және таңбалануына қойылатын талаптармен, тағам өнімдерін өндіру мен айналымын реттейтін нормативтік құжаттармен және тағам өнімдерін стандарттар талаптарына сәйкестігін растау, оның ішінде сәйкестік туралы декларациялар мен сертификаттарды алу рәсімдерімен танысты.
Айта кететін жайт, студенттер өндірістік тәжірибеден өту барысында нан пісіруге арналған бидай ұнының қышқылдығы мен ылғалдылығын, шикі сиыр сүтінің қышқылдығы мен тығыздығын анықтау бойынша тәжірибелік дағдыларды игере отырып, нан, нан-тоқаш және ұнды кондитер өнімдерін өндірудің заманауи технологиясымен, сүтті қайта өңдеудің технологиялық үдерісімен танысып, жұмсақ ванильді және манго балмұздақтарын, дәнді жеңіл сүзбені, нәзік консистенциялы дәстүрлі қаймақты, қара зәйтүн жемістері қосылған диеталық ірімшікті, классикалық йогурт пен сублимациялық жолмен кептірілген жемістер мен жидектер қосылған функционалды бағыттағы йогуртты өндірудің технологиялық режимдері мен параметрлерін толыққанды үйренуге және өндіруге мүмкіндік алды.
Өндірістік тәжірибеден өту кезінде әрбір студент тағам шикізатының сапа көрсеткіштерін зерттеу бойынша жеке тапсырмаларын өз бетінше заманауи стандартты зерттеу әдістерін, өлшеу құралдарын («Инфраскан-105» инфрақызыл астық және ұн анализаторы, Чижованың модернизацияланған цифрлық құрылғысы, «Лактан 1-4М» сүт сапасының ультрадыбыстық анализаторы, электронды таразы, ареометр, рефрактометр-сахариметр, портативті трихинеллоскоп, портативті микропроцессорлы рН-метр) және сынақ жабдықтарын (термостат, су моншасы, центрифуга, электр кептіргіш шкаф, орташа температуралы мұздатқыш және төмен температуралы тоңазытқыш), өсімдік және жануар тектес өнімдерін өндіруде және өндіру үдерістерінің технологиялық режимдері мен параметрлерін пысықтауда технологиялық жабдықтарды (тұрғызу шкафы, нан пісіретін пеш, бағдарламамен қамтамасыз етілген үй ірімшігін дайындауға арналған құрылғы, кілегейді дайындауға арналған сепаратор, сүтқышқылды өнімдерді дайындауға арналған құрылғы, жұмсақ балмұздақ дайындауға арналған фризер, волчок-еттартқыш, фарш араластырғыш, шұжық шприці, клипсатор, термокамера) қолдану арқылы жүргізуге мүмкіндік алды.
Студенттердің өздері өндірген өнімдердің дәмін тату кезінде алған жоғары бағалары Орталықтың нақты өндірістік жағдайларында кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктерінің жоғары деңгейде қалыптасқандығын көрсетті.
Өндірістік тәжірибе шеңберінде студенттер түрік асханасының құпияларына арналған шеберлік сағатына белсенді қатысты. Іс-шара білім алушыларға тек ерекше рецептураларды үйренуге ғана емес, сонымен қатар дәмдердің үйлесімділігіне, тағам өнімдеріне деген құрметке және ұлттық дәстүрлерге мұқият қарауға негізделген түрік гастрономиясының философиясын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, студенттер «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған KazNARU-дың Ғылыми-білім беру технологиялық платформасының аймағын тазалауға қатысты сенбілікке ат салысты. Экологиялық іс-шараға қатысу білім алушылардың экологиялық мәдениетін және қоршаған ортаға деген жауапкершіліктерін қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен, ағымдағы оқу жылында студенттер өндірістік тәжірибені сәтті аяқтады, оқу үдерісінде алған теориялық білімдерін пысықтап, Орталықтың оқу-өндірістік жағдайларына бейімделді, таңдаған білім беру бағдарламалары бойынша іс жүзінде тәжірибе жинақтады. Өндірістік тәжірибеден өту барысында білім алушылардың нақты өндірістік міндеттерді шешуде танытқан дербестіктері мен сенімділіктері кәсіби құзыреттіліктің дамуына және тұрақты еңбек дағдыларының қалыптасуына ықпал етті.
KazNARU студенттеріне өз қабілеттері мен кәсіби мүмкіндіктеріне деген сенімділік, алға қойылған мақсаттарға жетуде шабыт пен ынта, қиындықтарды сәтті жеңуде табандылық, еңбекқорлық және бастамашылық танытуды шын жүректен тілей отырып, ұшқыр ойларыңыз жүзеге асып, кәсіби істеріңізде үлкен жетістіктерге және қомақты шығармашылық табыстарға жете беріңіздер демекпіз!





















