KazNARU-да «МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ – МЕНІҢ БОЛАШАҒЫМ!» ЭССЕ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

KazNARU-да «МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ – МЕНІҢ БОЛАШАҒЫМ!» ЭССЕ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

2026 жылғы 19–29 қазан аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Республика күніне орай «Менің Республикам – менің болашағым!» тақырыбында эссе байқауы өтті. Университет студенттері арасында ұйымдастырылған шығармашылық байқауды Тілдер кафедрасы өткізді.

Байқаудың негізгі мақсаты – студент жастардың бойында қазақстандық патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті және ұлттық құндылықтарға құрметті қалыптастыру, олардың елдің бүгіні мен болашағына қатысты көзқарасын еркін білдіруіне жағдай жасау, сондай-ақ шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту.

Қатысушылар «Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін?», «Елімнің дамуына менің қосар үлесім», «Жастар – Қазақстанның қозғаушы күші», «Ұлттық құндылықтар және заманауи қоғам», «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» тақырыптарының бірін таңдап, қазақ тілінде эссе жазды.

Байқауға ұсынылған жұмыстар тақырыптың ашылуы, авторлық көзқарас пен азаматтық ұстанымның айқындылығы, ойдың дәлелділігі, мәтіннің құрылымдық тұтастығы, патриоттық және тәрбиелік мазмұны, шығармашылық ерекшелігі, тіл байлығы мен сауаттылығы бойынша бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Инженерлік технологиялар факультетінің 1-курс студенті Саадат Ашрахун, ІІ орынды Ветеринария және зооинженерия факультетінің 1-курс студенті Аружан Нағашыбай, ІІІ орынды осы факультеттің 1-курс студенті Ибраһим Алмасұлы иеленді. Жеңімпаздар тиісті дәрежедегі дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар қазылар алқасының шешімімен мазмұны мен шығармашылық ерекшелігі жоғары жұмыстар арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

Атап айтқанда, Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінің 1-курс студенті Арсен Сапарбаев «Үздік авторлық көзқарас», Ветеринария және зооинженерия факультетінің студенті Нұрила Тимурқызы «Үздік патриоттық эссе», осы факультеттің студенті Шуақ Серік «Тіл шебері» аталымына ие болды.

Ал Бизнес және құқық жоғары мектебінің студенті Аяулым Сулейманова «Шығармашылық ізденіс», Ветеринария және зооинженерия факультетінің 1-курс студенті Ботагөз Рыскелді «Тың идея» аталымдарымен марапатталды.

Байқау студенттердің ел болашағы туралы ойларын ортаға салып, азаматтық ұстанымын танытуына және мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік берді. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары олардың туған елге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға құрметін және Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетті.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник