KazNARU ҚЫТАЙМЕН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ СЕРІКТЕСТІКТІ ДАМЫТАДЫ
KazNARU халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту аясында Қытайдың Сичан университетінің делегациясын қабылдады. Делегацияны университет басшысы Бай Цзе бастап келді.
Кездесу барысында KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов ғылыми әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Университетіміз QS халықаралық рейтингі бойынша Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының қатарында. Бүгінде әлемнің 80 еліндегі 200-ден астам ұйыммен, оның ішінде Қытайдың 60-тан астам жоғары оқу орны мен ғылыми мекемесімен әріптестік орнатқанбыз. Қытайлық серіктестермен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, озық технологиялар мен тәжірибе алмасуды дамытуға басымдық береміз», – деді KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов.
Ғылыми сапар аясында тараптар инфекциялық аурулардың алдын алу, оларды ерте диагностикалау және эпидемиологиялық жағдайды бақылау бағыттарындағы әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпті патогендерді зерттеу, ортақ ғылыми зертханалар ашу, заманауи технологиялармен алмасу және білікті кадрлар даярлауды сөз етті.
Қытайлық делегация құрамында зоотехния факультеті деканының орынбасары Хуан Цзэнвэнь, сондай-ақ оқытушылар Ху Чжицян, Чжан Чжэ және Ага Эрцзинь болды.
Жиын KazNARU мен Сичан университеті арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Тараптар ғылым мен білім беру саласындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі кеңейте түспек.