KazNARU-да ТОПЫРАҚТАНУ ЖӘНЕ АГРОХИМИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2026 жылдың 30 қазанында Агробиология факультетінде Өмірбек Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының агрохимия бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Бақытбек Амиров «Агротопырақтану және агрохимия ғылымының қазіргі бағыттары мен даму үрдістері» тақырыбында қонақ дәріс өткізді.
Дәріс барысында ғалым топырақ құнарлылығын сақтау және арттыру, жер ресурстарын тиімді пайдалану, агрохимиялық зерттеулердің жаңа бағыттары мен топырақ диагностикасының заманауи әдістері туралы баяндады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын цифрландыру, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды қолдану және әлемдік ғылыми жетістіктерді отандық аграрлық салаға енгізу мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Мамандығым – мақтанышым!» тәрбиелік-кәсіби іс-шарасымен ұштастырылған кездесуге «Гипрозем» мекемесінде 40 жылдан астам еңбек еткен, жер ресурстарын зерттеу саласының тәжірибелі маманы Құлсара Мейізбаева, «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының профессоры А.А. Жаппарова, кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы, кураторлар және «Топырақтану және агрохимия» білім беру бағдарламасының 1–4 курс студенттері қатысты.
Қонақ дәріс студенттердің кәсіби дүниетанымын кеңейтіп, таңдаған мамандығының ғылым мен өндірістегі орнын тереңірек түсінуіне ықпал етті.