KazNARU

ҚазҰАЗУ КІТАПХАНАСЫ ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ ТУРАЛЫ КІТАПТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

2023 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Жалпы білім беру пәндері кафедрасы мен Тәрбие жұмыстары жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналған «Темірбек Жүргенов – жасампаз тұлға» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Жүргенов Темірбек Қараұлы Орта Азия мен Қазақстандағы білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің талантты ұйымдастырушысы, Алаштың көрнекті жетекшілерінің бірі. Ол ұлттық идеология, оның ішінде халық-ағарту, мәдениет ісінде орны дара көшбасшы, елді сауаттандыру жолында Отанға қалтқысыз қызмет еткен тарихи тұлға.

✅ Іс-шараға Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Бауыржан Иманғалиев және университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстелді Жалпы білім беру пәндері кафедрасының қауымдастырылған профессоры Зауре Ақтамбердиева жүргізіп отырды

✅ ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов өзінің құттықтау сөзінде Темірбек Жүргеновтің Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орындарын құру барысындағы жемісті қызметіне тоқталып, баға берді.

✅ Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат ұлт қайраткерінің артында қалған бай рухани мұраларын әлі де толықтырып, жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін тілге тиек етті.

«Есімі Орта Азияға әйгілі болған Халық комиссары Темірбек Жүргеновтің ерекше бір қасиеті – Алаш арыстары армандаған қазақ болмысын нақты жасампаздықпен жүзеге асырған бірегей тұлға. Осы қасиетімен өмірінің соңына дейін елге адал қызмет етті, артына өшпестей мұра қалдырды. Ұлы тұлғаның еңбектерін оқып-үйрену арқылы оның есімін ұлықтау біздің және жас ұрпақ, сіздердің де басты парыздарыңыз», - деді Сәби Әбдіқадырұлы.

✅ Өз кезегінде сөз алған жазушы Бейбіт Орынбекұлы алаш қайраткерінің өзіндік жеке тұлғасын бейнелеп, атқарған мемлекеттік істерін жан-жақты талдап көрсетті және жуырда баспадан шыққан «Комиссар Жүргенов» атты романын университет кітапханасына сыйға тартты.

Әдебиетші Бауыржан Сәбитұлы да Темірбек Жүргеновтың әдеби-публицистикалық мұрасын зерттеп жүрегін айта келіп, «Темірбек Жүргенов» атты кітабын тарту етті.

✅ Жиын соңында Пірімқұл Ибрагимов университет басшылығы атынан қызықты естеліктері үшін келген қонақтарға алғыс білдірді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.