KazNARU ҰЖЫМЫ ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
2025 жылдың 8 мамырында – Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы сенбілікке белсене қатысты.
Оқу ордамызда бұған дейін де «Таза университет – таза болашақ!», «Университет – ортақ үйіміз!» деген сияқты бірнеше сенбілік іс-шаралары өткені белгілі. Ал, бүгінгі сенбіліктің орны бөлек. Бұл іс-шара бүкіл қала бойынша ұйымдастырылып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығының құрметіне арналды.
Ғасырға жуық отандық білім мен ғылымның қара шаңырағы атанып келе жатқан университеттің инфрақұрылымдарын ұқыпты ұстау, жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу бағытындағы сенбілікте әкімшілік қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамы білім алушыларға үлгі-өнеге көрсетті.
Сенбілікке қатысушылар тиісті техника, құрал-жабдықтармен (күрек, тырма, шелек, қолғап т.б.) толықтай қамтамасыз етілді. Іс-шара барысында Бас ғимараттан бастап, барлық оқу ғимараттары, ішкі аулалары, Орталық стадион, көгалдандырылған аймақтар мен гүлзарлар қоқыстардан тазартылып, ағаш бұтақтары мен өсімдік қалдықтары жиналды.
Туған Университетіміз жаңғырып жасарып, жайнай берсін!
KazNARU Баспасөз қызметі