ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ РУХЫН САБАҚТАСТЫРҒАН ҚОС МЕРЕКЕ АТАП ӨТІЛДІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ерлік пен елдіктің, аға ұрпақ пен жас буынның асқақ рухын және дәстүрін сабақтастырған қос мереке 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні мен – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара болып өтті.
Мерекелік жиынды ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы ардагерлер мен профессор-оқытушылар құрамын, университет ұжымын, Әскери кафедраның офицерлері мен студенттерді қос мерекемен құттықтап, еліміздің шекарасы мен тышытығын күзеткен сарбаздарға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау» деген сөзі біздің патриоттық бағыттағы идеологиялық жұмысымыздың басты қағидаты болып табылады. Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагер тұлғаларымыздың қаһармандығынан бүгінгі жастар үлгі алып, батырларға қарап бой түзейді», - деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.
Иә, ел басына сын туған күндері біздің оқу ордамыздан 30-дан астам түлектері Кеңес Одағының батыры және Еңбек Ері атанды. Мысалы, Кеңес Одағының батырлары – Ерденбек Ниетқалиев пен атақты 28-гвардияшы панфиловшы Әлікбай Қосаевты бүкіл еліміз қадірлейді. Одан басқа да орден-медальдармен марапатталған жүздеген тыл еңбеккерлері бар.
«Біздер университетіміздің қадірменді профессоры, Отан соғысының ардагері, ғылым докторы, 103 жастағы Сеиітов Зұлхарнай Сейітұлы және 43 еңбек майданының ерлері ортамызда аман-сау жүргенін мақтан тұтамыз. Кеше ғана Зұлхарнай Сейітұлы ағамыздың шаңырағыда болып, құттықтап қайттық. Осында отырған барша ардагерлерімізге де бір қол соғып, қошамет көрсетейік!», - деді университет басшысы.
Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен тыныштығымыз баянды болу үшін білікті әскери мамандар қажет. Бұл өмір заңдылығы! Әскері күшті мемлекет – ең айбынды мемлекет! Ғасырға жуық бай шежіресі бар KazNARU Жаңа Қазақстанның болашақ кадрларына сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, Отан қорғаушылар даярлауға үлкен үлесін қосып келеді. Құрылғанына биыл 77 жыл толып отырған Әскери кафедрамыз осы уақытқа дейін 60 мыңнан астам запастағы офицерлер мен сержанттар дайындап шығарды. Биылғы оқу жылында 496 студент 13 түрлі әскери мамандық бойынша оқытылуда.
«Біздер «соғыс» деген суық сөздің ызғарын сезінбеген бақытты ұрпақпыз. Дәйім сондай қасіреттен еліміз әрқашан аулақ болсын! Алайда, қазіргі уақытта жанымызда соғыс өртінің тұтануы бәрімізді алаңдатады. Өкінішке қарай, халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндердің бар екені рас. Бір қазақты бір қазаққа шағыстыратын деструктивті әрекеттер көбейді. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігін бекемдеу, тұрақтылықты сақтау, бірлікті дәріптеу, мемлекетіміздің болашағын ойлау - бәріміздің ең қасиетті парызымыз! Халқымыздың рухын асқақтатқан айшықты мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын. Еліміздің іргесі әрдайым берік, рухымыз әрқашан биік болсын!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Бұдан кейін ректор Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күніне және Жеңістің 80 жылдығына орай, Әскери кафедраның бір топ үздік офицерлері мен сарбаздарын «Айырықша еңбегі үшін» және «Университет мақтанышы» медальдарымен марапаттап, Құрмет грамоталарын тапсырды.
Салтанатты жиын аясында ардагерлер мен қонақтар университеттің Даңқ мемориалы алдына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы құрбандарына тағзым етті. Жиын Әскери кафедра құрамының салтанатты парадымен аяқталды.
KazNARU Баспасөз қызметі