KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ХVII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ
2025 жылдың 24-25 сәуір аралығында Қ.Құлажанов атындағы қазақ технология және бизнес университетінде Жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында «GASTRO GENIUS» ХVII Республикалық пәндік олимпиадасының II кезеңі болып өтті.
Олимпиаданың мақсаты – талантты студент жастарды қолдау, олардың болашақ маман ретіндегі ерекше кәсіби дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін ашу, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін зияткерлік команда қалыптастыру.
Еліміздегі жетекші ЖООлардан келген, оның ішінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті де бар, 13 команданың басын қосқан бұл олимпиада болашақ тағам өндірісі мамандарының білімдері мен дағдыларын шыңдауға, сондай-ақ студенттердің шығармашылық әлеуеттерін ашуға мүмкіндік берді.
Олимпиаданың бірінші кезеңі практикалық кейс түрінде өтті, онда қатысушылар шығармашылық қабілеттері мен практикалық дағдыларын көрсетті. Екінші кезең пәндер бойынша тестілеу және ситуациялық сұрақтарды шешуден тұрды.
KazNARU атынан қатысқан «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының екі командасы инновациялық тағам өнімдерінің прототиптерін таныстыру сияқты тәжірибелік тапсырмаларды орындауда кәсіби құзыреттіліктерін көрсете білді.
6В07207 - Азық-түлік өнімдері технологиясы БББ бойынша оқитын 3-курс білім алушылары: Әйгерім Сақан, Мөлдір Жетпісбай, ДілдәрТұрсын жүлделі II орынды иеленді. Ғылыми жетекшісі аға оқытушы, PhD Айгүл Алмағанбетова.
6В07208 - Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы БББ бойынша оқитын 3-курс білім алушылары: Альбина Таукенова, Гүлназ Шайхы, Аружан Қожагелды Тұранқызын III орынға ие болды. Ғылыми жетекшісі аға оқытушы, PhD Динаш Нұрдан.
Жеңімпаздар Дипломдар мен сертификаттармен марапатталды. Топ жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.
Жоғары деңгейдегі республикалық білім-ғылым сайысында университет абыройын асқақтатқан студенттеріміз бен ұстаздарды жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да жаңа биіктерден көріне беріңіздер!
KazNARU Баспасөз қызметі