KazNARU и Ланьчжоуский университет определили новый этап развития двустороннего сотрудничества.
2025 жылдың 6 қарашасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі Ланжоу университетінің Вице-президенті, профессор Уанг Вэй бастаған делегация келді.
Кездесу барысында екі университет арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобалардың орындалу барысын талқылау, тәжірибе алмасу және болашақтағы серіктестік бағыттарын айқындау мәселелері қарастырылды.
KazNARU Басқарма төрағасы – Ректордың Бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов өз сөзінде Қытаймен серіктестік университеттің халықаралық даму стратегиясының маңызды бағыты екенін атап өтті. Ол екі Мемлекет басшылары деңгейінде қол қойылған жобалардың, соның ішінде «Ақылды ауыл шаруашылығы орталығының» маңызын ерекше атап өтіп, Ланжоу университетімен бірлескен ғылыми және инновациялық бастамаларды одан әрі дамыту қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Ланжоу университетінің Вице-президенті Уанг Вэй екі университет арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта ауыл шаруашылығының басқа да бағыттары бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу және байланыстарды жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты.
KazNARU Ғылыми-Технологиялық Платформасының Атқарушы Директоры Фараби Ермеков сөз алып, «Ақылды ауыл шаруашылығы орталығының» қызметі бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы толық есеп берді. Орталықтың негізгі қызмет бағыттарын, зерттеу инфрақұрылымын дамытуды және цифрлық технологияларды енгізуді бастау кезеңдерін сипаттай отырып, орталықтың алдағы даму стратегиясына тоқталды.
Сондай-ақ, BR24993222 «Солтүстік Қазақстан облысының табиғи-шаруашылық құрылымын тұрақты даму тұрғысынан шешім қабылдауды қолдау жүйесін құру» бағдарламасының есебін (progress report) таныстырды. Бұл баяндамада қазақстандық-қытайлық ғылыми топтардың бірлескен жұмысының жетістіктері ерекше аталып өтті. Сөз соңында, алдағы кезеңде іске асырылуы жоспарланған жаңа жобалардың тізімі мен бірлескен зерттеулердің жоспарын ұсынды.
Кездесу қорытындысында тараптар агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту және цифрландыру бағыттарында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, зерттеушілер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейту, сондай-ақ қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу туралы уағдаласты.
Сонымен қатар, университеттер бірлескен зерттеу зертханаларын құру, инновациялық технологиялар трансферін ілгерілету және студенттік стартаптарды қолдау бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Бұл уағдаластықтар екі ел арасындағы ғылыми-инновациялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, ауыл шаруашылығы саласындағы білім мен ғылым интеграциясын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
KazNARU Баспасөз қызметі















