KazNARU-ДА «ҚЫТАЙ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» ЖОҒАРЫ ТИІМДІ СУ ҮНЕМДЕЙТІН АҚЫЛДЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БОЙЫНША II ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ
2026 жылғы 4-5 тамыз күндері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) «Қытай – Орталық Азия» жоғары тиімді су үнемдейтін ақылды ауыл шаруашылығы бойынша II Халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Симпозиум ҚазҰАЗУ мен Қытай аграрлық университетінің (China Agricultural University – CAU) бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологиялары, цифрлық ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі жағдайындағы агроөнеркәсіптік сектордың тұрақты дамуы бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Симпозиумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновация департаментінің директоры Марат Иманәлиев, Қытай аграрлық университетінің вице-президенті Ду Тайшэн, сондай-ақ Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдерінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Ақылбек Қажығұлұлы құттықтау сөз сөйлеп, симпозиумға қатысушыларды жылы қарсы алып, халықаралық жиынның ашылуымен құттықтады.
«Өңірдің су ресурстары біркелкі таралмаған және олардың басым бөлігі трансшекаралық сипатқа ие. Климаттың өзгеруі қуаңшылық үрдістерін күшейтіп, өзен ағынының режимі мен мұздықтардың көлеміне әсер етуде. Сонымен қатар суару жүйелеріндегі су ысырабы, жерлердің тұздану және деградациялану тәуекелдері сақталуда. Су, климат, топырақ және ауыл шаруашылығы дақылдары туралы деректер әртүрлі ұйымдар тарапынан жиналғанымен, қазіргі таңда олар болжам жасау мен басқарушылық шешімдер қабылдаудың бірыңғай жүйесіне біріктіріле бермейді.
Қазақстан үшін Қытаймен су саласындағы ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Біздің мемлекеттеріміз ортақ трансшекаралық өзендер жүйесімен байланысты. Іле және Қара Ертіс өзендері бассейндерінің жағдайы Қазақстан өңірлерінің сумен қамтамасыз етілуіне, Балқаш көлінің тұрақтылығына, ауыл шаруашылығына, энергетикаға және табиғи экожүйелерге тікелей әсер етеді. Сондықтан ғылыми ынтымақтастық мемлекетаралық диалогты объективті деректермен, бірлескен мониторингпен және келісілген болжамдармен толықтыруы тиіс.
Симпозиумның негізгі міндеті де осы – ғылыми нәтижелермен алмасудан Қазақстан мен Орталық Азияның ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану деңгейін арттырудың бірлескен тетігін қалыптастыруға көшу. Маңыздысы, бұл жұмысты біз нөлден бастап отырған жоқпызі» , - деді өз сөзінде А.Қ. Күрішбаев.
Одан кейін Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол мұндай халықаралық кездесулердің өзара тәжірибе алмасуға және жаңа ғылыми жобаларды іске асыруға жол ашатынын айтты.
Сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Марат Иманәлиев пен Қытай аграрлық университетінің вице-президенті Ду Тайшэн қатысушыларды құттықтап, су ресурстарын тиімді басқару, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық ғылыми серіктестікті кеңейтудің өзектілігін атап өтті.
Пленарлық отырыс Қытай аграрлық университетінің академигі, Су ресурстары және интеллектуалды инженерия колледжінің профессоры Кан Шаочжунның «Ауыл шаруашылығы су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі мемлекеттік негізгі зертхананың қызметі» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Сонымен қатар FAO-ның Қазақстандағы су ресурстарын басқару жөніндегі сарапшысы Мило Стокер су үнемдеу технологияларын енгізудегі халықаралық тәжірибе мен цифрлық модельдеу жүйелерінің мүмкіндіктерін таныстырды.
Симпозиумның ғылыми бағдарламасы барысында Қазақстан, Қытай және Өзбекстанның жетекші ғалымдары су үнемдеу технологиялары, ақылды ауыл шаруашылығы, цифрлық мониторинг жүйелері, климаттың өзгеруі жағдайындағы су ресурстарын басқару, суару жүйелерін жаңғырту және инновациялық су тазарту технологиялары жөніндегі зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Қытай аграрлық университетінің профессоры Лю Вэньфэн Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зертханасының ғылыми жетістіктерін таныстырды. Симпозиумды Қытай аграрлық университетінің Су ресурстары және интеллектуалды инженерия колледжінің деканы Ли Юнькай мен ҚазҰАЗУ-дың «Су ресурстары және IT-технологиялар» факультетінің деканы Мейрам Арыстанов қорытындылады.
II Халықаралық симпозиум аясында су ресурстарын тиімді басқару, жоғары тиімді су үнемдейтін технологиялар, цифрлық ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашты.
KazNARU Баспасөз қызметі