KazNARU СТУДЕНТТЕРІ МАЛАЙЗИЯДА ЕКІ ДИПЛОМДЫ БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША БІЛІМ АЛУДА
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Биотехнология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері екі дипломды білім беру бағдарламасы аясында Малайзияның Паханг Әл-Сұлтан Абдулла университетінде (Universiti Malaysia Pahang Al-Sultan Abdullah – UMPSA) білім алуды бастады.
Халықаралық бағдарламаға сәйкес, студенттер бір академиялық жыл бойы серіктес университетте оқып, биотехнология саласындағы заманауи ғылыми жетістіктермен, инновациялық технологиялармен және халықаралық білім беру тәжірибесімен танысады. Сонымен қатар шет тілін меңгеру деңгейін жетілдіріп, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып, мәдениетаралық қарым-қатынас тәжірибесін жинақтайды.
Екі дипломды бағдарлама «3+1» үлгісі бойынша жүзеге асырылады. Білім алушылар оқу мерзімінің үш жылын KazNARU-да, бір жылын UMPSA-да өткізеді. Оқу жоспарында көзделген барлық академиялық талаптарды сәтті орындаған студенттер екі университеттің дипломын алу мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі уақытта аталған бағдарлама аясында UMPSA-ның 12 студенті KazNARU-да «Өнеркәсіптік биотехнология» бағыты бойынша білім алуда. Олар теориялық білімдерін университеттің ғылыми-зерттеу және зертханалық мүмкіндіктерімен ұштастырып, кәсіби құзыреттерін жетілдіруде.
KazNARU мен UMPSA арасындағы екіжақты академиялық алмасу 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы бірлескен бағдарламаның алғашқы түлектері оқуын сәтті аяқтап, екі университеттің дипломдарына ие болды. Бүгінде бұл ынтымақтастық студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығын кеңейтуге және бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға мүмкіндік беруде.
Аталған бағдарламаны іске асыру KazNARU-дың халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланыстарын нығайтып, биотехнология саласында заманауи кәсіби білім мен халықаралық тәжірибені ұштастыра алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді.