БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАР ҚОЛЫНДА!
2026 жылғы 5 қарашада KazNARU-да «Қазақстанның балық шаруашылығының бүгіні мен болашағы» тақырыбында командалық танымдық-шығармашылық сайыс өтті.
Шараның мақсаты – студенттердің балық шаруашылығы саласындағы білімін тереңдету, оның маңыздылығы мен даму мүмкіндіктерін таныстыру, жастардың аквакультура бағытына деген қызығушылығын арттыру және заманауи технологияларды меңгерген білікті мамандар даярлауға ықпал ету. Сонымен қатар студенттерді қаржылай ынталандыру, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға, тәжірибелі мамандардан кәсіби кеңес алуға мүмкіндік жасау және болашақта осы салада жұмысқа орналасу мен кәсіби өсу мүмкіндіктерін көрсету көзделді.
Сайысты KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол балық шаруашылығының еліміздің аграрлық секторындағы маңызын атап өтіп, заманауи технологияларды меңгерген білікті мамандар даярлау, жастарды өндіріспен байланыстыру және олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетудің өзектілігіне тоқталды.
Сайыстың демеушісі – «Балық мектеп» жобасының негізін қалаушы Марлен Тұрсынәлі Қазақстандағы балық шаруашылығының даму әлеуеті мен саладағы білікті мамандар тапшылығы мәселесіне тоқталды. «2030 жылға қарай елімізде балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу міндеті қойылған. Бұл ретте заманауи технологияларды меңгерген кәсіби мамандар даярлау маңызды», – деді Марлен Тұрсынәлі.
Сайыс барысында студенттер балық шаруашылығы, ихтиология және аквакультура бағыттары бойынша білімдерін сынап, шығармашылық тапсырмалар орындады және саланы дамытуға арналған инновациялық жобаларын ұсынды. Қатысушылардың кәсіби білімімен қатар логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық жұмыс дағдылары сыналды.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
- I орын – Сабина Ордагулова, KazNARU-дың 2-курс студенті;
- II орын – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті;
- III орын – Нұржаз Жолдасбек, KazNARU-дың 4-курс студенті.
Жеңімпаздарға қаржылай ынталандыру мақсатында арнайы шәкіртақы тағайындалды.
Қазылар алқасының құрамы: Орман шаруашылығы және жер ресурстары факультетінің деканы, профессор Дани Сәрсекова, «Балық мектеп» ЖШС бас директоры Марлен Тұрсынәлі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ассистент-профессоры Гүлнар Кегенова, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының бас директоры Қанат Ермекбаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Тынысбек Барақбаев, «TENGRY FISH» ЖШС директоры Жайдарәлі Таңжарық және KazNARU-дың аға оқытушысы Гүлсим Искакова.
Сайыстың бас демеушісі – «Балық мектеп» ЖШС.