KazNARU МЕН ҚазҰМУ АРАСЫНДА ТАҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ЕКІ КҮНДІК ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ӨТТІ
2026 жылғы 4–5 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) мен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (ҚазҰМУ) арасында тағам қауіпсіздігі және нутрициология салалары бойынша екі күндік тәжірибе алмасу бағдарламасы өтті.
Іс-шара БҰҰ-ның №3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» және №17 «Тұрақты даму үшін серіктестікті нығайту» Тұрақты даму мақсаттары аясында ұйымдастырылды. Бағдарламаның мақсаты – ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту, тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеу мүмкіндіктерін талқылау.
Бағдарламаның алғашқы күні KazNARU базасында өтті. ҚазҰМУ оқытушылары мен студенттері Өсімдіктер биотехнологиясы орталығының, Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы референттік орталығының, Тағам өнімдерінің технологиясы және сапасы ғылыми-білім беру инновациялық орталығының және Қазақстан-Жапон инновациялық орталығының зертханалық мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалаудың заманауи әдістері талқыланып, «Ет және балық өнімдерінің технологиясы» пәні бойынша қонақ дәріс өткізілді.
Екінші күні тәжірибе алмасу Қазақ тағамтану академиясының базасында жалғасты. KazNARU оқытушылары мен студенттері академик Төрегелді Шармановтың ғылыми мұрасына арналған мұражайды аралап, нутрициология кафедрасының қызметімен танысты. Ғылыми кездесу барысында дәстүрлі ет тағамдарының тағамдық-химиялық ерекшеліктері, баламалы ақуыз көздері, тағам қауіпсіздігі және салауатты тамақтану мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды.
Екі күндік бағдарламаның қорытындысында тараптар ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және мамандардың кәсіби тәжірибесін жетілдіру мүмкіндіктерін талқылады.
Аталған бағдарлама екі университет арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға және тағам қауіпсіздігі мен халық денсаулығын сақтау бағытындағы ортақ ғылыми бастамаларды дамытуға ықпал етті.