KazNARU ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ШЫҰ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ РЕКТОРЛАРЫНЫҢ V ФОРУМЫНА ҚАТЫСУДА

KazNARU ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ШЫҰ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ РЕКТОРЛАРЫНЫҢ V ФОРУМЫНА ҚАТЫСУДА

2026 жылдың 7 шілдесінде Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің аграрлық университеттері ректорларының V форумы және «Жібек жолы» аграрлық білім беру және ғылыми-технологиялық инновациялар альянсының XI жыл сайынғы конференциясы өтті.

Халықаралық форумға Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан және басқа да елдердің жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдары мен сарапшылары қатысып, аграрлық ғылым мен білімнің өзекті мәселелерін, ғылым мен өндірісті ықпалдастыруды, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығына енгізу, азық-түлік қауіпсіздігі және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Аталған халықаралық іс-шараға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы қатысып, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Қытай университеттері арасындағы аграрлық білім мен ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында баяндама жасады.

Өз сөзінде Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы қазіргі таңда ауыл шаруашылығы климаттың өзгеруі, топырақ деградация, су ресурстарының тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты аграрлық университеттердің ғылым мен инновацияның қозғаушы күшіне айналып, тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа технологиялар мен ғылыми шешімдерді әзірлеудегі рөлінің артып келе жатқанын айтты. 

Сонымен қатар ол KazNARU-дың халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы жетістіктеріне тоқталды. Бүгінде университеттің әлемнің жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдарымен 200-ден астам әріптестік келісімі бар болса, оның 60-тан астамы Қытайдың университеттері мен ғылыми орталықтарымен жүзеге асырылуда. Бірлескен ғылыми зертханалар, ақылды ауыл шаруашылығы орталығы, су ресурстарын тиімді пайдалану, агродрондар, жасанды интеллект және ғылым мен технология трансфері бағытындағы халықаралық жобалар екі елдің аграрлық ғылымын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етіп келеді. 

Баяндамасында университет өкілі ШЫҰ кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, аграрлық ғылымның басым бағыттары бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарының желісін қалыптастыру, екідипломды білім беру бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты кеңейту, сондай-ақ ШЫҰ елдерінің аграрлық университеттері арасында ортақ ғылыми-инновациялық платформаны құру бастамаларын ұсынды. 

Форум аясында өткен кездесулер мен пікір алмасулар Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық ғылым және жоғары білім саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, бірлескен ғылыми жобаларды кеңейтуге және халықаралық академиялық байланыстарды дамытуға жаңа серпін береді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник