KazNARU-да ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАҒА АРНАЛҒАН ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫС ӨТТІ
2026 жылғы 22 қазанда KazNARU-да Республика күніне арналған «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық онкүндік аясында «Республика рухы: құқықтық сана және ұлттық мүдде» зияткерлік сайысы өтті.
Іс-шараның мазмұны Қазақстанның мемлекеттілігі, егемендік құндылықтары және жастардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігі төңірегінде өрбіді. Қатысушылар тарихи оқиғалар мен құқықтық ұғымдарды талдай отырып, ұлттық мүддені қорғау, заңға құрмет және белсенді азаматтық ұстаным мәселелеріне назар аударды.
Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы ұйымдастырған сайыс тарихи таным мен саяси-құқықтық білімді ұштастырды. Интерактивті тапсырмалар студенттердің білімін бағалаумен қатар, сыни ойлау, пікірін дәлелдеу және ортақ шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталды.
«Зияткерлік матрица» кезеңінде ел егемендігінің қалыптасу тарихы, Конституция қағидаттары мен мемлекеттік рәміздердің мәні қамтылды. «Саяси цитата» турында Алаш қайраткерлері мен мемлекет қайраткерлерінің елдік, ұлттық мүдде және отаншылдық туралы ойлары арқау болды. Ал «Тарихи тізбек» және «Қара жәшік» кезеңдерінде қатысушылар тәуелсіздік жолындағы маңызды оқиғалардың сабақтастығын саралап, құқықтық ұғымдарға қатысты логикалық тапсырмаларды орындады.
Сайыс барысында Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызына ерекше мән берілді. Студенттер ел дамуының негізгі кезеңдері жөніндегі білімдерін ортаға салып, мемлекеттілік пен тәуелсіздік құндылықтарын құрметтеудің маңызын талқылады. Қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен белсенді қатысушылар марапатталды.
KazNARU-дағы зияткерлік-ағартушылық онкүндік жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, ұлттық бірегейлігін нығайтуға және қоғамдық өмірге саналы қатысуына ықпал ететін бастамаларды біріктіреді. «Республика рухы» сайысы осы бағыттағы жұмыстың мазмұнды жалғасы болды.