KazNARU-ДА ERASMUS+ ҚОЛДАУЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
2026 жылдың шілденің 2 жұлдызында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Erasmus+ EduFusion халықаралық жобасы аясында құрылған Халықаралық инклюзивті білім беру орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған орталықтың ашылуы университеттің жоғары білім беру жүйесінде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, инклюзивті академиялық ортаны дамыту және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды қадам болды.
Салтанатты шараға Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық үйлестірушісі Лаура Палуанова, университет басшылығы, халықаралық сарапшылар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, ғылыми құрылымдық бөлімшелердің өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар орталықтың қызметімен танысып, инклюзивті білім беруді дамытудағы халықаралық тәжірибенің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Erasmus+ EduFusion жобасының аясында жүзеге асырылатын бастамалар жоғары білім беру жүйесінде қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталғаны айтылды.
Халықаралық инклюзивті білім беру орталығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін қолжетімді білім беру кеңістігін қалыптастыруға, инклюзивті тәжірибелерді енгізуге, цифрлық шешімдерді дамытуға және осы бағыттағы ғылыми-әдістемелік жұмыстарды үйлестіруге арналған заманауи алаң ретінде қызмет атқарады.
Орталық жұмысының негізгі бағыттары:
-инклюзивті білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бейімдеу;
-профессор-оқытушылар құрамының инклюзивті және көптүрлі білім беру ортасында жұмыс істеу құзыреттерін арттыру;
-білім алушыларға тең мүмкіндік беретін қолжетімді цифрлық және физикалық инфрақұрылымды дамыту.
Жаңа орталықтың ашылуы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің әлеуметтік жауапкершілік, академиялық ашықтық және теңдік қағидаттарына адалдығын тағы бір мәрте айқындады. Сонымен қатар бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға және университеттің халықаралық әріптестігін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Жоба аясында әрбір серіктес жоғары оқу орнында профессор-оқытушылар құрамына арналған Құзыреттілікті дамыту орталықтарын (Competence Development Centers) құру жоспарланған. Кейіннен Қазақстандағы осы орталықтар мен Еуропа, Оңтүстік Америка, Орталық Азия және Африка елдеріндегі ұқсас орталықтар арасында ынтымақтастық туралы келісімдер жасалады. Сонымен қатар, жоба жоғары оқу орындарының түлектері арасында кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.
Erasmus+ EduFusion жобасын жүзеге асыру арқылы KazNARU халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтіп, Орталық Азиядағы инклюзивті әрі инновациялық жоғары білім беру кеңістігін қалыптастыруға өз үлесін қосуды жалғастырады.
KazNARU Баспасөз қызметі