ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДА KazNARU-да ДӘСТҮРЛІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
2025 жылдың 29 желтоқсанында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) қызметкерлерге арналған дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл игі шараға университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылықтары мен серіктес кәсіпорындар қатысып, келушілерге қолжетімді бағамен өнімдер ұсынды.
Қаланың қарбалас тіршілігінде мереке алдындағы азық-түлік қамын жасау әрдайым оңайға соқпайтыны белгілі. Осы орайда университет аумағында өткен жәрмеңке көпшілік үшін таптырмас мүмкіндікке айналды. Келушілер нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен ұсынылған өнімдерге дән риза болып, белсенді түрде сауда жасады.
Жәрмеңкеде табиғи, әрі балғын өнімдердің кең түрі ұсынылды. Атап айтқанда, алма бағынан тікелей жеткізілген апорт алмалары, апельсин, мандарин, ананас, Еңбекшіқазақ ауданы Жанашар ауылынан келген кәсіпкердің сиыр және жылқы еті, балықтың сан алуан түрлері, сондай-ақ «Sofiya» сауда белгісінің халал шұжықтары көпшіліктің көңілінен шықты. Бұдан бөлек, таза сары май, сүзбе, қаймақ, жент, ірімшік, құрт сияқты ұлттық тағамдар да сатылымға қойылды.
Бір жерден экологиялық таза өнімдерді сатып алу университет қызметкерлеріне ерекше қуаныш сыйлады. Көпшілік бұл әлеуметтік маңызы бар бастаманы жоғары бағалап, өнімдердің сапасы мен балғындығы қала дүкендеріндегі тауарлардан әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, осындай жәрмеңкені дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан университет басшылығына шынайы алғыстарын білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі




















