KazNARU СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТИПЕНДИЯЛЫҚ КОНКУРСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ БОЛДЫ
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының студенттік стипендияларына арналған республикалық конкурстың жеңімпазы - «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының, «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Рахымжан Ақерке Серікқызы бүгін Астана қаласында өткен марапаттау рәсіміне қатысып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараның куәсі болды.
Биыл «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша күндізгі бөлімде оқитын 40 студент Қордың арнайы стипендиясының иегері атанды. Бұл стипендия мемлекеттік төлемдерге қосымша ретінде беріледі. Үздік студенттер конкурс талаптарына сәйкес іріктелді.
Қатысушылардың кемінде екі курс оқуын сәтті аяқтауы, жоғары академиялық көрсеткішке ие болуы, қоғамдық және білім беру іс-шараларына белсенді қатысуы, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі фестивальдер мен конкурстарда жетістікке жетуі негізгі талаптардың бірі болды. Биыл конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен 259 өтінім қабылданған.
Қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлының айтуынша, арнайы стипендия тағайындау білімге құштар, мақсатты жастарды қолдаудың маңызды құралы.
«2010 жылдан бері Қор осы жобаны жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде 5 000-ға жуық өтінім қабылданып, 1 039 студент стипендия иегері атанды. Бүгінде олардың көпшілігі — өз саласының кәсіби мамандары. Әрбір студенттің жеңісі — жаңа белеске жетелейтін ынталандыру», — деді ол.
Салтанатты рәсім театр «Astana Musical» ұжымының әсерлі қойылымдарымен, Қор стипендианттарының өнерімен және ел мәдениетінің танымал өкілдерінің құттықтау сөздерімен әрленді.
Ақеркенің осы маңызды шараға қатысуы оның еңбегі мен оқу жетістіктерінің лайықты мойындалуының айқын дәлелі.
Біз студентіміздің алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, кәсіби тұрғыда табысты боларына сенім білдіреміз!



