KazNARU «МАМАНДЫҚТАР ЖӘРМЕҢКЕСІ» АТТЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ІС-ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ
2025 жылғы 18 қараша күні Алматы қаласы Білім басқармасының бастамасымен 9 және 11 сынып оқушыларына арналған «Мамандықтар жәрмеңкесі» атты кең ауқымды кәсіби бағдар беру іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұл жәрмеңкенің басты мақсаты – мектеп түлектеріне алдағы кәсіби жолын дұрыс таңдауға көмектесу, жоғары оқу орындары туралы толық ақпарат беру және оқушылардың қызығушылықтары мен бейіміне қарай бағыт-бағдар жасау.
Шара «№65 мектеп-гимназиясы» КММ мәжіліс залында өткізіліп, мектеп оқушылары үшін үлкен мүмкіндіктер алаңына айналды. Жәрмеңкеге қаладағы жетекші университеттер қатысып, өздерінің білім беру бағдарламалары, оқу артықшылықтары, грант мүмкіндіктері, халықаралық жобалары және студенттерге арналған қолдау шаралары туралы жан-жақты таныстырылым жасады.
Білім беру саласындағы ұлттық көшбасшылардың бірі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) де аталған іс-шараға белсенді түрде атсалысты. Университет өкілдері оқушыларға негізгі білім беру бағыттары мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, университеттің ғылыми-зерттеу институттары, дуалды оқыту мүмкіндіктері, халықаралық серіктестері, заманауи зертханалар мен тәжірибелік шаруашылық базалары туралы мәліметтер ұсынылды.
Іс-шара барысында KazNARU Қабылдау комиссиясының жетекші маманы Динара Нусиповна Бекбаева мен №65 мектеп-гимназиясының директоры Асель Батырхановна Абишева өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім екі тарап арасындағы білім беру бағытындағы байланыстарды нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Кездесу барысында оқушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандықтардың ерекшеліктері, оқу форматы, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және еңбек нарығындағы сұраныстар туралы жауап алды. Мұндай ашық пікір алмасу оқушылардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға елеулі ықпал етті.
Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастырған «Мамандықтар жәрмеңкесі» жас буын үшін өз болашағын жоспарлауға арналған маңызды қадам болды. Шара оқушыларға тек ақпарат беріп қана қоймай, олардың кәсіби қызығушылығы мен қабілетін тануға, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік туғызды. Осындай бастамалар келешек мамандардың сапалы қалыптасуына және елдің еңбек нарығын білікті кадрлармен толықтыруға зор үлес қосады.
KazNARU Баспасөз қызметі




















