KazNARU-да «Буллинг пен кибербуллингті бақылау және алдын алу» тақырыбында дәріс өтті
«Заң мен тәртіп» қағидаты – Мемлекет Басшысы ұсынған, қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған негізгі принциптердің бірі. Бұл қағидат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қалыптастыруды көздейді. Осы бағыт аясында университетте жүйелі түрде түрлі тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүгін өткізілген «Буллинг пен кибербуллингті алдын алу және бақылау» тақырыбындағы танымдық дәріс - осы жұмыстардың заңды жалғасы.
Шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру. Дәрісті Жастар ісі жөніндегі басқарманың студенттік омбудсмені Күзен Назерке Бексейтқызы жүргізді.
Іс-шараға «Өмірді таңда» қоғамдық қорының спикері Рашид Шахмуратұлы Қабжанов қатысып, студенттермен еркін форматта ашық диалог өткізді. Ол қоғамда кибербуллингтің әлі де өзекті әлеуметтік проблема ретінде толық бағаланбай отырғанын атап өтіп, былай деді:
«Өкінішке қарай, біздің қоғам кибербуллингті ауқымды зорлық-зомбылық түрлерінің бірі ретінде қабылдай бермейді. Алайда адам оған физикалық, моральдық және психологиялық тұрғыдан қатты зардап шегуі мүмкін. ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша, кез келген адамды – оның ішінде бала мен жасөспірімді – қорлап, абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіткен азаматқа 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін», – деді спикер.
Кездесу барысында студенттерге буллинг пен кибербуллингтің ұғымдары, олардың түрлері мен зардаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, жеке құқықтарды қорғау жолдары және құқық бұзушылықтың алдын алу тәсілдері туралы ақпарат берілді.
Дәрісте интернет алаяқтықтың алдын алу әдістеріне де шолу жасалды. Қатысушыларға жеке деректерді қорғау, күмәнді хабарламалар мен сайттарға сенбеу, қауіп төнген жағдайда кімге жүгіну керектігі жөнінде нақты кеңестер ұсынылды.
KazNARU Жастар ісі жөніндегі басқармасының әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі жетекші маманы Мақсат Мұқатайұлы шараны қорытындылай келе, спикер Рашид Шахмуратұлына алғыс хат табыстады және студенттердің белсенділігін атап өтті.
Бұл дәріс жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, кез келген буллингке «жоқ» деп айта алатын жаңа көзқарасты буын қалыптасып келе жатқанын көрсетті.
KazNARU Баспасөз қызметі


.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)