Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Чонбук ұлттық университеті (Корея Республикасы) ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді
7 қазан 2025 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ) Корея Республикасының Чонбук ұлттық университеті делегациясымен ресми кездесу өтті.
Кездесуге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы - Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлер қатысты.
Делегацияны Чонбук ұлттық университетінің президенті О-Бон Ян мырза бастап келді. Өз сөзінде ол екі елдің де, екі университеттің де болашаққа деген айқын көзқарасы мен мақсаттарының ұқсас екенін, сондай-ақ бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
Кездесудің маңызды бөлігі ретінде екі университет соңғы жылдардағы жетістіктерімен және стратегиялық даму бағыттарымен бөлісіп, екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды жаңарту жөніндегі уағдаластыққа келді. Бұл құжат қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін жаңа бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда: Климаттың өзгеруі, Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығына енгізу, Көміртек ізі (carbon footprint) мен экологиялық тұрақтылыққа бағытталған зерттеулер.
Сонымен қатар, тараптар Physical AI жобасы, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, бірлескен ғылыми зерттеулер және қос дипломды бағдарламалар бойынша серіктестікті кеңейтуге келісті.
Кездесу жылы және достық атмосферада өтіп, тараптар алдағы уақытта нақты бірлескен жобаларды іске асырып, Қазақстан мен Корея арасындағы аграрлық ғылым мен білім саласындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге келісті.
.jpeg)







.jpeg)