АЛМАТЫДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАҢЫЗДЫ АГРАРЛЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ: ЖІБЕК ЖОЛЫ ЕЛДЕРІ АЛЬЯНСЫНЫҢ X ЖИНАЛЫСЫ ЖӘНЕ ШЫҰ ЕЛДЕРІ РЕКТОРЛАРЫНЫҢ IV ФОРУМЫ
2025 жылғы 7-8 шілдеде Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Жібек жолы елдерінің Аграрлық білім және ғылым саласындағы инновациялар Альянсының құрылғанына 10 жыл толуына орай, жыл сайынғы X жиналысы және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мемлекеттерінің Ауыл шаруашылығы университеттері ректорларының IV Форумы болып өтті. Іс-шараға Альянс құрамындағы 19 елдің 120-дан астам жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерден 200-ден астам делегаттар – ректорлар, ғалымдар, министрліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жібек жолы елдерінің аграрлық білім беру және ғылым саласындағы инновациялар Альянсы – 2016 жылы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің (ҚХР) бастамасымен құрылды. Оның басты миссиясы – халықаралық жоғары оқу орындарының білікті кадрлар даярлау саласындағы күш-жігерін біріктіру, бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулер мен агротехнологиялар трансферін дамыту.
ШЫҰ ректорлар Форумы – өз жұмысын 2022 жылы бастады және құрылған сәттен бастап тұрақты ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және саланы цифрландыру мәселелері бойынша аграрлық университеттер арасындағы ашық диалог форматындағы маңызды платформаға айналды.
Алматыдағы бұл кездесудің басты тақырыбы – «Жібек жолындағы аграрлық білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдету – болашақтың ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесу».
Бағдарламада – пленарлық отырыстар, тақырыптық сессиялар, зертханаларға бару және секциялық талқылаулар белгіленді:
- Білім беруді интернационалдандыру ауыл шаруашылығын жаңғырту драйвері.
- Жасанды интеллект аграрлық сектордағы жаңа өндірістік күштің катализаторы.
Альянс жұмысын аша отырып, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев бұл форум аграрлық ғылымды ілгерілету және өңірді орнықты дамыту үшін өте маңызды платформа екенін тағы да атап өтті.
«Биылғы жылы біздің университетіміздің осындай ауқымды халықаралық шараның тең ұйымдастырушысы атануы – ерекше символдық мәнге ие. Бұл университеттің академиялық ортада танылуы ғана емес, сонымен қатар, аймақтағы елдер арасындағы ғылым, білім және инновация саласындағы интеграцияны тереңдетудегі белсенділігінің еселеп өскенін айғақтайды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде келесі жылды «Ғылым мен білім жылы» деп жариялаған тарихи бастамасы бүгінгі жиналысымыздың өзектілігі мен маңыздылығын арттыра түспек. Бұл шешім – білім мен ғылымның, технология мен академиялық әріптестіктің өңірлік дамудың қозғаушы күші ретіндегі қуатты рөлін тағы да айғақтайды. Осы игі бастамада көрініс тапқан идеялар – біздің Альянсымыздың миссиясы мен міндеттерімен терең үндеседі» - деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы аса күрделі кезең мен қарқынды өзгерістерді бастан кешіруде. Ол экономиканың жай ғана бір саласы ретінде ғана емес, бүкіл адамзаттың тұрақты дамуы мен өркендеуінің, халықтың әл-ауқаты мен планетаның экологиялық тепе-теңдігі тәуелді болатын жүйе құраушы сала ретінде жиі қарастырылуда.
«Табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, агробиоәртүрлілікті сақтау, қоршаған ортаға әсерді азайту мәселелері бірінші орынға шығады. Дәл осы жерде аграрлық университеттер ғылым, білім және инновация арқылы ойлау мен практиканың экологиялық бағдарланған моделін қалыптастыру миссиясын өз мойнына алады» – деп толықтырды Ақылбек Қажығұлұлы.
Сонымен қатар, бұрын-соңды болмаған технологиялық серпіліс өсу жүріп жатыр. Цифрлық шешімдер, биотехнология, жасанды интеллект, робототехника және дәлме-дәл егіншілік жүйесі секілді жаңа салалар – ауыл шаруашылығы мамандарын сапалы даярлауға қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертуде. Аграрлық университеттер тек білім мен ғылымның ғана емес, сонымен бірге заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын озық технологиялық шешімдердің орталықтарына айналуда.
«Аграрлық ғылым мен білімнің тағы бір маңызды қыры – оның атқаратын гуманитарлық миссиясында. Азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдық аумақтарды қолдау, адами капиталды дамыту салаларында дұрыс саясаттың қалыптасуы – қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Университеттер бұл үдерісте тек идеялар генераторы емес, сонымен бірге болашақ ұрпақ алдында моральдық жауапкершілік жүктелетін институттар рөлін атқарады» - деді Ақылбек Күрішбаев.
Пленарлық отырыста Жібек жолы елдерінің аграрлық білім және ғылым саласындағы инновациялар Альянсының Бас хатшысы, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ректоры, профессор Ву Путэ аграрлық ЖОО-лар тек білімнің ғана емес, сонымен қатар уақыт талабына сай озық технологиялық шешімдер орталығына айналғанын атап өтті. Жеткеші аграрлық университеттердің миссиясын кешенді қолдану – күш біріктіруге, даму бағыттарын дәл анықтауға және трансұлттық өзара ынтымақтастық үлгілерінің тиімді модельдерін құруға негіз болады.
«2016 жылдың қараша айында біздің Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдай отырып, Жібек жолының ауылшаруашылық білім беру және ғылыми-техникалық инновациялар Альянсын құрды. Бұл бірегей ұйым «бейбітшілік пен ынтымақтастық, ашықтық пен инклюзивтілік, өзара оқыту және өзара тиімділік» қағидаттарын берік ұстанады, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау, ғылыми зерттеулер, технологияларды ілгерілету, тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты нығайтады. Қазіргі уақытта Альянс 19 елдің 120 білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелері мен кәсіпорындарын біріктіреді. Қытайда, Қазақстанда, Сербияда, Өзбекстанда және басқа мүше елдерде тоғыз рет жыл сайынғы конференция өткізді. Осы Алматы форумы ғылыми және білім беру диалогын тереңдету, бірлескен шешімдер қабылдау үшін жаңа бастама көтеретініне сенімдімін» - деп атап өтті Альянстың Бас хатшысы Ву Путэ.
Альянс жұмысына әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелері – Қытай ауыл шаруашылығы университеті, Қытай Ғылым академиясы, Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Цинхай университеті, Чжэцзян университеті, Нанкин ауыл шаруашылығы университеті, Оңтүстік-Батыс университеті және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ, Иордания университеті, Лахор университеті (Пәкістан), Моңғол жаратылыстану ғылымдары университеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясы – Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, Познань жаратылыстану ғылымдары университеті (Польша), Егіншілік және көкөніс шаруашылығы институты (Сербия), К.И.Скрябин атындағы Қырғыз Ғылым академиясы, Ташкент суару және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерін дамытуға арналған ауыл шаруашылығы университеттерінің Консорциумы және т.б. ғылыми ұйымдар белсене қатысты.
Айта кету керек, Алматы форумында Альянс құрамына тағы 10 ЖОО қосылып, жалпы саны 130-ға жетті.
Альянстың Тұрақты кеңесінің отырысында Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің проректоры Луо Джун жылдық есеп берді.
Сондай-ақ. Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Нарзулло Обломурадов, Оңтүстік-Батыс университетінің ректоры Ван Цзиньцзюнь, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Сырғалиев, Нанкин ауыл шаруашылығы университеті проректорының орынбасары Лю Инцзюнь, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясы – Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің проректоры Владислав Кучмистый, Беларусь мемлекеттік ауылшаруашылық академиясының ректоры Виталий Великанов, Шириншох Шотемур атындағы Тәжік аграрлық университетінің ректоры Усмон Махмадерзода, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исакаев, П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетінің Экономикалық зерттеулер және инновациялар орталығының басшысы Ольга Косенчук, Куайд-и-Азама университетінің Қытай-Пәкістан агробиологиялық ресурстар биоалуантүрлілігін зерттеу орталығының директоры Ахмад Муштак, Сербия Республикасы Ұлттық институтының егіншілік және көкөніс шаруашылығы институтының бас ғылыми қызметкері Саня Васильевич, Ішкі Моңғолия ауылшаруашылық университетінің Компьютерлік және ақпараттық инженерия колледжінің деканы Фу Сюэлян, Пәкістан Федералдық өнер, ғылым және технологиялар университетінің проректоры Забта Хан Шинвари және т.б. ғалымдар өз баяндамаларын ұсынды.
Спикерлер Альянстың жыл сайынғы жиналысында идеялар ғана емес, Мұнда тек идеялар ғана емес, практикалық кооперация мен серіктестіктің нақты жобалары туындайтынын атап өтті. ШЫҰ елдері университеттерінің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, форум өңірлік азық-түлік қауіпсіздігінің архитектурасын нығайтады, бірлескен зерттеу бастамаларын іске қосады, академиялық ұтқырлықты қолдайды және институционалдық әріптестікті дамытады. Альянс соңғы жылдары аймақтың аграрлық жоғары оқу орындарын шоғырландыруға бағытталған бірқатар халықаралық жобалар мен білім беру бағдарламаларына бастамашы болды. Бұл басымдықтардың қатарында магистратура мен PhD желілік бағдарламаларын, бірлескен зертханаларды, цифрлық платформаларды және мобильді академиялық траекторияларды құру бығыты бар.
«Біздер жасанды интеллект, биотехнология, цифрлық егіншілік, тұрақты мал шаруашылығы және климатқа бейімделген агрожүйелер сияқты басым бағыттар бойынша серіктестік аясын одан әрі кеңейтуді ұсынамыз. Біз халықаралық зерттеу консорциумдарын құруға, қос диплом бағдарламаларын әзірлеуге, Жібек жолы елдерінің барлық кеңістігінде жастар ғылыми мектептері мен форумдарын өткізуге ашықпыз» - деді Альянс қатысушылары.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясынан келген делегацияның қатысуымен ресми іс-шара өтті. Ресми кездесуде тараптар жоғары технологияларды трансферлеу, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту және инновациялық инфрақұрылымды құру бағыттарындағы бірлескен бастамаларды іске асыруды талқылады.
Академия жанындағы «Қазақстан-Қытай кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасының» ашылу салтанаты өтті. 1 миллиард юань көлемінде инывестиция тартылатын зтертхананың негізгі бағыты — жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және Жерді қашықтан зондтау технологиялары. Бұл технологиялар төтенше жағдайларды болжау, табиғи ресурстарды мониторингтеу, су және энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ жалпы тұрақты дамуды қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
«Біз тек қана зертхана құрып қана қоймай, өзара іс-қимылдың жаңа моделін – «зертхана + бизнес + білім беру» жүйесін қалыптастырамыз. Бұл болашақтың нағыз экожүйесі» - деп атап өтті ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев.
Кездесудің тағы бір маңызды нәтижесі — Чжэцзян технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллекттің халықаралық институтын құру көзделіп отыр. Институт қос диплом бағдарламалары бойынша жыл сайын 60-қа жуық маман даярлайды.
Қонақтар KazNARU ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, халықаралық «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы», Су ресурстарын басқару орталығы, «Бірлескен ландшафттық инновациялар орталығы», «Суды үнемдеу демонстрациялық технопаркі» және Байбұлақ оқу-тәжірибелік шаруашылығын аралап, оқу ордасының инновациялық ғылыми және білім беру жетістіктерін жоғары бағалады.
Екі күндік іс-шара соңында қатысушылар бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді дамытуға және Орталық Азия елдерінің ғылыми әлеуетін тиімді пайдалануға, олардың экономикасын нығайту және тату көршілік қатынастарды дамыту мүдделеріне бағытталған ұсынымдар қабылдады.
KazNARU Баспасөз қызметі