KazNARU-да ҰЛЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-САЗДЫ ІС-ШАРА
2025 жылдың 4 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ұлы ақын, ағартушы, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды іс-шара өтті. Кеш Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Филология» факультетінің өзара мәдени-шығармашылық ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.
Шара қонақтарды қарсы алу рәсімінен басталып, залда әуезді музыкалық композициялар ойналды. Кештің ресми ашылуында жүргізуші Абай мұрасының ұлттық мәдениет пен ғылымдағы маңызын атап өтіп, екі ұлттық университет арасындағы тарихи сабақтастық туралы ақпарат берді.
Бағдарлама аясында KazNАRU-дың белсенді студенттерінің орындауында Абай әндерінен құралған попурри ұсынылып, көрермендер назарына рухани бастауы терең музыкалық композициялар жол тартты.
Кеш барысында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Филология» факультетінің деканы, ф.ғ.д., қауымдастырылған профессор Таңжарықова Алуа Василийқызы құттықтау сөз сөйлеп, Абай шығармашылығының ғылыми-танымдық және тәрбиелік құндылығына тоқталды.
Іс-шараның негізгі бөлімінде «Филология» факультетінің «Күлтегін» бірлестігіндегі «Үркер» студенттік театрының «Абай – Тоғжан» драмалық қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Ұлы ақынның шығармашылық әлемін терең танытуға бағытталған маңызды қойылым болды. Тоғжан бейнесінің көркемдік табиғаты мен Абай өміріндегі рухани мәні ашылып, қазақ қызына тән парасат пен инабатты насихаттау, ұлттық әдеби мұраның тәрбиелік құндылығын сезіндіруге және көрермендердің шығармашылық әлеуетін оятып, әдеби-мәдени ізденісті одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізгеніне сеніміміз мол.
Кеш соңында KazNARU Тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ералиева Әсима Шаңбайқызы қонақтарға алғыс хаттар мен марапаттар табыстады. Сонымен қатар, университет атынан жылы лебіздің белгісі ретінде «Байбұлақ» ауылынан арнайы әкелінген қызыл апорт алмасына толы бір себет қонақтарға сыйға тартылды.
KazNARU Баспасөз қызметі













