KazNARU МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ЧЖЭЦЗЯН ПРОВИНЦИЯСЫ АГРОТЕХНОЛОГИЯЛАР САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

KazNARU МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ЧЖЭЦЗЯН ПРОВИНЦИЯСЫ АГРОТЕХНОЛОГИЯЛАР САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

2026 жылғы 12 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясы Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер департаментінің делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.
Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи агротехнологиялар, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру және ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту бағыттарында тәжірибе алмасу.
Кездесу барысында KazNARU өкілдері мен қытайлық делегация аграрлық ғылым, білім беру және инновациялық технологияларды енгізу салаларындағы өзара ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Қытай делегациясының құрамында Чжэцзян провинциясының ауыл шаруашылығы саласындағы бейінді мекемелерінің өкілдері болды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын механикаландыру және цифрландыру басқармасының өкілі Тао Чжунлян, ауыл шаруашылығы алқаптарын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Янь Инцзюнь, тұқым шаруашылығын басқару станциясы директорының орынбасары У Цзаогуй, ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен деректерді дамыту орталығы директорының орынбасары Гуань Сяофэн, ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығының өкілі Шао Сяньчжун және егістік жерлер мен тыңайтқыштардың сапасын басқару бас станциясының аға агрономы Лю Сяося қатысты.
Кездесуде агроөнеркәсіп кешеніне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар ауыл шаруашылығы өндірісін интеллектуалды басқару жүйелерін дамыту, өндірістік үдерістерді механикаландыру және автоматтандыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеуге бағытталған инновациялық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі заманауи жылыжай технологияларын дамыту болды. Қатысушылар жылыжай кешендерін басқарудың жаңа тәсілдері, өндіріс тиімділігін арттыру және өсірілетін көкөніс пен жидек дақылдарының түрлерін кеңейту бойынша тәжірибе алмасу перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды. Чжэцзян провинциясының өкілдері KazNARU делегациясын Қытайға жауап сапармен келуге шақырып, университет студенттері мен профессор-оқытушылар құрамының тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендерін білдірді.
Бұдан бөлек, қытайлық тарап 2027 жылы өтетін KazNARU халықаралық жазғы мектебіне қызығушылық танытып, Чжэцзян провинциясындағы жоғары оқу орындары студенттерінің аталған білім беру бағдарламасына қатысуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар аграрлық ғылым, цифрландыру, инновациялық технологиялар және агроөнеркәсіп кешеніне білікті мамандар даярлау бағыттарындағы алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник