KazNARU МЕН №230 «КЕЛЕШЕК» МЕКТЕБІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТТЫ
2026 жылғы 12 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілдері Алматы қаласындағы №230 «Келешек» жалпы білім беретін мектебінде 10–11-сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға болашақ мамандығын саналы таңдауға бағыт-бағдар беру, университеттің білім беру бағдарламаларымен таныстыру және жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсыну.
Кездесу барысында мектеп бітіруші түлектер мен сынып жетекшілеріне KazNARU-дың білім беру бағыттары, оқу үдерісі, ғылыми-зерттеу мүмкіндіктері және студенттерге жасалған жағдайлар туралы жан-жақты мәлімет берілді. Университеттің қызметін таныстыратын презентация көрсетіліп, бейнероликтер ұсынылды және білім беру бағдарламалары туралы ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар оқушылар QR-код арқылы қосымша ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.
Кәсіби бағдар беру жұмыстарына «Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абилдаев, «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі Елдос Жаңбырбаев, «Топырақтану, агрохимия және экология» кафедрасының меңгерушісі Жанар Сағидолдина және «Жеміс-көкөніс шаруашылығы, өсімдік қорғау және карантин» кафедрасының меңгерушісі Гүлнұр Сүлейманова қатысты.
Кездесу аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен №230 «Келешек» жалпы білім беретін мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі білім беру ұйымы арасындағы байланысты нығайтуға, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге және оқушылардың жоғары білім алуға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Аталған кездесу мектеп пен университет арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға және болашақ талапкерлердің кәсіби таңдауына қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.