KazNARU МЕН «ZIALY URPAQ INTELLECTUAL» АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ ЖАСАЛДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) мен Астана қаласындағы «Intellectual generation» ЖШС («ZIALY URPAQ Intellectual») арасында білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандум жасалды.
Кездесуге KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимов және «ZIALY URPAQ Intellectual» ұйымының өкілі, стратегиялық даму бөлімінің директоры Нұрдәулет Бейсенғазиев қатысты. Сондай-ақ ұйымның бөлім меңгерушілері Қасиет Станбекова мен Гүлбану Қанай қатысты.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – мектеп пен университет арасындағы байланысты нығайту, кәсіби бағдар беру жұмыстарын дамыту, оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауына қолдау көрсету және жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру.
Сапар аясында Астана қаласынан келген 40 мектеп бітірушіге арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Болашақ талапкерлер университеттің білім беру бағдарламаларымен, заманауи инфрақұрылымымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және зертханаларымен танысты.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған мамандықтар туралы мәлімет алып, университеттің оқу және ғылыми мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты.
Меморандум екі ұйым арасындағы әріптестікті кеңейтуге және болашақ талапкерлерді кәсіби бағдарлау бағытындағы бірлескен жұмыстарды дамытуға негіз болады.