KazNARU ЖАПОНИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТІМЕН СЕРІКТЕСТІК ОРНАТАДЫ

KazNARU ЖАПОНИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТІМЕН СЕРІКТЕСТІК ОРНАТАДЫ

2026 жылғы 10 қарашада KazNARU-ға Жапонияның Сага университетінің делегациясы ресми сапармен келді. Кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды.

KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Сага университетінің президенті, профессор Коичи Нодэ бастаған жапон делегациясымен кездесу өткізді.

Жапон делегациясының құрамында президенттің ғылыми зерттеулер жөніндегі көмекшісі, Ауыл шаруашылығы факультеті деканының орынбасары, профессор Сусуму Мицутакэ, Халықаралық алмасуды дамыту орталығының қауымдастырылған профессоры Томо Хигашидэ және Халықаралық жоспарлау бөлімінің басшысы Хироми Яда болды.

Тараптар білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту, студенттер мен ғалымдар алмасуын ұйымдастыру бағыттарына басымдық берілді.

«Менің ойымша, ғылымның түрлі салалары арасындағы пәнаралық ынтымақтастықты дамыту керек. Соның ішінде медицина мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының өзара ықпалдастығы үлкен маңызға ие. Сондықтан KazNARU-мен академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтып, студенттер мен оқытушылар алмасуын жолға қоюға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Бұл бастамалар Қазақстан мен Жапония арасындағы білім және ғылым саласындағы серіктестіктің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенемін», – деді Сага университетінің президенті Коичи Нодэ.

Сапар аясында жапон делегациясы KazNARU-дың білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, заманауи зертханалары және мамандандырылған оқу нысандарымен танысты.

Бұл сапар Қазақстан мен Жапония арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы серіктестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник