KazNARU-да СТУДЕНТТІК СТАРТАП ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

KazNARU-да СТУДЕНТТІК СТАРТАП ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

2026 жылғы 6 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде студенттік стартап жобалар байқауының бірінші кезеңі өтті.

«Инженерлік технологиялар» факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасы ұйымдастырған байқау студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық әлеуетін дамытуға, кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға және теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға бағытталды.

Қатысушылар тағам өнімдерін өндіру технологияларын жетілдіру, жаңа өнім түрлерін әзірлеу, өнім сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, шикізатты тиімді пайдалану және ресурстарды үнемдеу бағытындағы жобаларын таныстырды. Студенттер өз идеяларының өзектілігі мен жаңашылдығын негіздеп, нарықтағы сұранысын, экономикалық тиімділігін және өндіріске енгізу мүмкіндіктерін баяндады.

Жобаларды бағалаған қазылар алқасының құрамына деканның оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары А. Б. Жукина, техника ғылымдарының докторы, профессор А. А. Оспанов және кафедра меңгерушісі Л. А. Мамаева кірді. Бағалау барысында жобалардың жаңашылдығына, практикалық маңызына және іске асыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Байқау қорытындысы бойынша 12 команда келесі кезеңге жолдама алып, сертификаттарға ие болды. Алты команда алғыс хаттармен марапатталды.

Байқау студенттерге өз әзірлемелерін таныстыруға, жобалық шешімдерін негіздеуге және көпшілік алдында қорғау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Ұсынылған бастамалар болашақ мамандардың тағам өндірісіндегі нақты міндеттерге ғылыми және кәсіпкерлік тұрғыдан шешім іздеуге қызығушылығын көрсетті.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник