KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «AGRO IQ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫСЫНДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ

KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «AGRO IQ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫСЫНДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ

2026 жылғы 4 қарашада KazNARU-да Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «AGRO IQ: Білім және болашақ» республикалық зияткерлік сайысының іріктеу кезеңі өтті.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ бастамасымен ұйымдастырылған жобаның мақсаты – аграрлық мамандықтарда білім алатын жастардың зияткерлік және кәсіби әлеуетін дамыту, олардың ғылым мен заманауи технологияларға қызығушылығын арттыру.

KazNARU-дағы іріктеу кезеңіне университеттің алты факультетінен және еркін құрамнан жасақталған жеті команда қатысты. Олар бес тур бойынша агрономия, мал және өсімдік шаруашылығы, ветеринария, агроинженерия, экология, жасанды интеллект және заманауи агротехнологиялар бағытындағы сұрақтарға жауап берді.

Сайыс барысында қатысушылардың кәсіби білімімен қатар логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық жұмыс дағдылары сыналды.

Бес турдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:

🥇 I орын – «Ой ордасы»;

🥈 II орын – «Агро қыран»;

🥉 III орын – «Агро эрудит».

Сайысқа университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен мамандарынан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар алқасына Оқу үдерісін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, PhD докторы Ақмарал Құлмаханбетова төрағалық етті.

Жүлделі орындарға ие болған үш команда KazNARU атынан республикалық финалға жолдама алды. Шешуші кезең 2026 жылғы 12 қарашада Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өтеді. Финалда еліміздің үш аграрлық жоғары оқу орнының үздік командалары бас қосады.

«AGRO IQ: Білім және болашақ» сайысы – білімді, жаңашыл ойлайтын және бәсекеге қабілетті жас мамандарды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Сонымен қатар жоба аграрлық жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің тәжірибе алмасуына жол ашады.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник