ҚазҰАЗУ-да «МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ – МЕНІҢ БОЛАШАҒЫМ!» АТТЫ ЭССЕ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

ҚазҰАЗУ-да «МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ – МЕНІҢ БОЛАШАҒЫМ!» АТТЫ ЭССЕ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

2026 жылғы 19-29 қазан аралығында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Республика күніне орай «Менің Республикам – менің болашағым!» тақырыбында эссе жазу байқауы өтті. Университет білім алушылары арасында жоспарланған байқауды Тілдер кафедрасы ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – студент жастардың қазақстандық патриотизмін, азаматтық жауапкершілігін және ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру, олардың Қазақстанның бүгіні мен болашағы туралы ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік беру, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту.

Қатысушылар «Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін?», «Елімнің дамуына менің қосар үлесім», «Жастар – Қазақстанның қозғаушы күші», «Ұлттық құндылықтар және заманауи қоғам», «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» бағыттарының бірін таңдап, қазақ тілінде эссе жазды.

Байқау жұмыстары тақырыптың толық ашылуы, авторлық көзқарас пен азаматтық ұстаным, ойдың дәлелділігі, мәтін құрылымының тұтастығы, патриоттық және тәрбиелік мазмұн, шығармашылық ерекшелік, тіл байлығы мен сауаттылық өлшемдері бойынша сараланды.

Байқау қорытындысы бойынша І, ІІ және ІІІ орын иегерлері анықталып, арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, «Инженерлік технологиялық» факультетінің І курс студенті Ашрахун Саадат І дәрежелі дипломды, «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің І курс студенті Нағашыбай Аружан ІІ дәрежелі дипломды, ал «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің І курс студенті Алмасұлы Ибраһим ІІІ дәрежелі дипломды иеленді.  

Сонымен қатар қазылар алқасының шешімімен мазмұны мен көркемдік ерекшелігі жоғары жұмыстар анықталып, «Орман шаруашылығы» факультетінің І курс студенті Сапарбаев Арсен «Үздік авторлық көзқарас», «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің студенті Тимурқызы Нұрила «Үздік патриоттық эссе», «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің студенті Серік Шуақ «Тіл шебері», «Бизнес және құқық жоғарғы мектебі» факультетінің студенті Сулейманова Аяулым  «Шығармашылық ізденіс» және «Ветеринария және зооинженерия» факультетінің І курс студенті Рыскелді Ботагөз «Тың идея» аталымдарымен марапатталды.

Іс-шара білім алушылардың ел болашағына қатысты ой-пікірін ортаға салуына, азаматтық ұстанымын танытуына және мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдысын жетілдіруіне мүмкіндік берді. Байқауға ұсынылған жұмыстар жастардың туған жерге деген құрметін, ел дамуына үлес қосуға ұмтылысын және Қазақстанның болашағына деген сенімін көрсетті.

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник