KazNARU СТУДЕНТТЕРІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СТАНДАРТТАУ КҮНІН БІЛІМ САЙЫСЫМЕН АТАП ӨТТІ
2026 жылғы 14 қазанда Дүниежүзілік стандарттау күніне орай Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) студенттер арасында кәсіби білім сайысы өтті. Инженерлік технологиялар факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасы ұйымдастырған іс-шара теориялық білімді тәжірибеде қолдануға және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды.
Алты кезеңнен тұратын жарыста қатысушылар кәсіби пәндер бойынша сұрақтарға жауап беріп, экспортқа шығарылатын өнімге сертификат алу рәсімін таныстырды. Зертханалық тапсырмалар, топтық ойындар мен капитандар сайысы студенттерден тапқырлықты, шапшаңдықты және өзара үйлесімді әрекет етуді талап етті.
Іс-шараға «Алматы-Стандарт» ЖШС сынақ зертханасының өкілдері қатысты. Сала мамандарымен тәжірибе алмасу барысында стандарттау, сәйкестікті бағалау және сертификаттау рәсімдерінің өндірістегі маңызына назар аударылды. Сайысты университет оқытушылары, магистранттар, докторанттар мен студенттер тамашалады.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – «SMS» командасы;
ІІ орын – «ISO» командасы;
ІІІ орын – «Estandard» командасы.
Жарыс болашақ мамандардың өнім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігін тереңірек түсінуіне және таңдаған кәсібіне қызығушылығын арттыруға ықпал етті.