СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨНДІРІСТІК ПРАКТИКАСЫ АЯСЫНДА ҚАЛАЛЫҚ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІ ТҮГЕНДЕУ ТӘЖІРИБЕСІ

СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨНДІРІСТІК ПРАКТИКАСЫ АЯСЫНДА ҚАЛАЛЫҚ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІ ТҮГЕНДЕУ ТӘЖІРИБЕСІ

Орман шаруашылығы бағытында білім алатын студенттердің өндірістік практикасы – теориялық білімді бекітуге, жасыл желектерді басқару, сақтау және қалпына келтіру саласында практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін кәсіби даярлықтың маңызды кезеңі.
KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев белгілеген міндеттерге сәйкес университетте тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамытуға, білім, ғылым және өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылары қалыптасқан білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нақты көріністерінің бірі – орман шаруашылығы мамандығы студенттерінің Алматы қаласының жасыл желектерін түгендеу және олардың жай-күйін бағалау жөніндегі ауқымды жобаға қатысуы.
Университеттің Практика және жұмысқа орналастыру бөлімі, Тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті мен «Орман ресурстары, аңшылықтану және аквакультура» кафедрасының өкілдері «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің 4-курс студенттерінің өндірістік практика барысымен танысты. Студенттер «Алматы қаласының жасыл желектерін түгендеу және орман-патологиялық зерттеп-тексеру негізінде олардың сапалық жай-күйін бағалау және Алматы қаласының жасыл қорын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарларын әзірлеу» атты екі жылдық жоба аясында практикадан өтуде.
Іссапар барысында ЛР-23-04к тобының студенттері Асель Раушан мен Аружан Токишева, ЛР-23-03к тобының студенттері Динара Кошкарова мен Гүлзар Мақмұтжан, сондай-ақ Диана Ержанқызы мен Ұлнар Қайрат өздеріне бекітілген аумақтардағы жасыл желектерді түгендеу және олардың жай-күйін бағалау жұмыстарын көрсетті. Студенттер зерттеп-тексеру әдістемесі, өлшеу айырлары мен биіктік өлшегіштерді, сондай-ақ QField мобильді қосымшасын қолдану тәртібі туралы айтып берді. Жұмыс барысында ағаштардың түрі, тұқымы, жасы, биіктігі, діңі мен бөрікбасының диаметрі сияқты негізгі таксациялық көрсеткіштері тіркеледі. Жасыл желектердің санитариялық жай-күйін бағалауға, ағаш діңіндегі қуыстарды, шіру белгілерін, зиянкестерді және басқа да зақымдануларды анықтауға ерекше назар аударылады. Алынған мәліметтер негізінде ағаштарды күтіп-баптауға қажетті іс-шаралар айқындалады.
Жоба жетекшісі, профессор Талғат Кертешев өндірістік практиканың ұйымдастыру кезеңіне тоқталып, студенттер үшін алдын ала теориялық дайындық курстары өткізілгенін, екі адамнан тұратын топтар жасақталып, міндеттер бөлінгенін және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама берілгенін атап өтті. Ол студенттердің нақты кәсіби міндеттерді шешуге қатысуының маңыздылығына ерекше назар аударды. Тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен білім алушылар жасыл желектерді паспорттау, олардың санитариялық жай-күйін бағалау, орман шаруашылығы, қорғау және күтіп-баптау іс-шараларын әзірлеу әдістерін меңгеруде. Мұндай даярлық болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін қалыптастырып, өндірістік қызмет жағдайына бейімделуіне ықпал етеді.
«Орман ресурстары, аңшылықтану және аквакультура» кафедрасының меңгерушісі Арайлым Копабаева теориялық білімді нақты кәсіби қызмет жағдайында бекітудің маңыздылығын атап өтті. Өндірістік практика барысында студенттер картографиялау, дендрология, орман таксациясы, орман фитопатологиясы, энтомология және экология пәндері бойынша алған білімдерін іс жүзінде қолданады. Сонымен қатар университеттегі теориялық даярлықты тікелей жұмыс орнындағы практикалық қызметпен ұштастыратын дуальды оқытуды дамытуға ерекше мән беріледі. Бұл ретте серіктес ұйым оқу жоспарын әзірлеуге қатысып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және студенттерге тәжірибелі тәлімгерлерді бекітеді.
Практика және жұмысқа орналастыру бөлімінің жетекші маманы Болдықыз Әділхан студенттермен әңгімелесіп, олардың өндірістік практика барысында атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар мұндай тәжірибенің болашақ мамандардың кәсіби ортаға бейімделуіне, еңбек нарығының талаптарын меңгеруіне және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.
KazNARU Тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаментінің әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі жетекші маманы Мақсат Иманбеков университет студенттерінің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылғы сәуірде қолға алынған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Мұндай жобаларға қатысу жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ қалалық жасыл желектерді сақтау және дамыту бағытында практикалық тәжірибе жинақтауына ықпал етеді.
Осылайша, Алматы қаласының жасыл желектерін түгендеу жобасы аясындағы өндірістік практика білім беру үдерісін, ғылыми зерттеулерді және қаланың өзекті экологиялық міндеттерін шешу жұмыстарын өзара ұштастырады. Студенттер жинаған таксациялық деректер мен ағаштарды күтіп-баптауға қатысты әзірленген ұсынымдардың қалалық көгалдандыру қызметтері үшін практикалық маңызы зор. Аталған жұмыстарға қатысу арқылы KazNARU-дың 4-курс студенттері кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, Алматы қаласының жасыл қорын сақтау мен дамытуға нақты үлес қосуда.
---------Chatbot---------
виртуальный помощник