KazNARU-да СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ
2026 жылғы 12 қазанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) «Қазақстанның су ресурстарын басқару, суармалы мелиорация және гидротехникалық құрылыстардың сенімділігі» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы басталды. Бес күндік оқу 16 қазанға дейін жалғасады.
Курсқа Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының Ақмола және Батыс Қазақстан филиалдарынан 20 маман қатысуда. Оқыту су саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және заманауи әдістерді өндірістік тәжірибеде қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған.
Курстың ашылуында «Су ресурстары және IT-технологиясы» факультетінің деканы Ерболат Қайпбаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол салалық мекемелермен ынтымақтастықты нығайтудың, тәжірибе алмасудың және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің маңызын атап өтті.
Курсты ұйымдастырушы, KazNARU Халықаралық су орталығының директоры, техника ғылымдарының докторы Анатолий Рябцев «Қазақстанның су шаруашылығы секторы: басқару құрылымы және ресурстық тәсілден экожүйелік тәсілге көшу» тақырыбында баяндама жасады. Ол су үнемдеу технологияларын енгізу, су ресурстарын пайдалануды цифрландыру мәселелерін қарастырып, экожүйелік басқаруға көшу аясында іске асыруға ұсынылған басым жобалар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, 2025 жылғы 9 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының № 178-VIII Су кодексінің негізгі ережелері мен мақсаттарын түсіндірді.
Оқу бағдарламасының негізгі мақсаты – тыңдаушылардың су ресурстарын ұтымды басқару, суармалы жерлерді мелиорациялау және гидротехникалық құрылыстардың сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіру. Оқу барысында суару жүйелерінің тиімділігін арттыру, гидротехникалық нысандардың техникалық жай-күйін бағалау және оларды қауіпсіз пайдаланудың заманауи тәсілдері қарастырылады.