СТУДЕНТ ТӘРБИЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА
11 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде студент жастармен жүргізілетін тәрбие және әлеуметтендіру жұмыстарына арналған семинар өтті.
Кездесуде студенттердің белсенді, қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуына жағдай жасау, психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ заманауи қауіптердің алдын алу мәселелері талқыланды.
Тәрбие ісі жөніндегі проректор Асима Ералиева студент жастарды әлеуметтендірудің негізгі тұғырнамалық бағдарының бірі — Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасына тоқталды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Кітап оқитын ұлт» қағидаттарын ілгерілету, жастардың тұлғалық дамуына ықпал ету, «Еңбек адамы» идеологиясын насихаттау және университеттегі психологиялық қызметтің маңыздылығына назар аударды.
Университет психологі Әлішер Мыңбай студенттерге психологиялық көмек көрсету тетіктерімен бөліссе, Мақсат Иманбеков жастарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және оның алдын алу жолдарын түсіндірді.
Семинардың басты мақсаты — студенттің пікіріне құлақ асатын, бастамасын қолдайтын және қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.