ҚОШ КЕЛДІҢ, ҚҰРМЕТТІ СТУДЕНТ!
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 1 қыркүйек – Білім күніне орай бірінші курс студенттеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекелік жиынға университет басшылығы, проректорлар, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар мен ата-аналар қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруде біздің қара шаңырағымыздың орны қашан да бөлек. 1929 жылы іргесі қаланған оқу ордасынан осы күнге дейін 150 мыңнан астам маман түлеп ұшты.
Университет ұжымының соңғы жылдардағы жүйелі әрі нәтижелі жұмысының арқасында университетіміз 2026 жылы QS әлемдік рейтингі бойынша топ-700 жоғары оқу орнының қатарына еніп, Орталық Азияда 6-орын, Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында 5-орын иеленді.
Жаңа оқу жылында университетімізге 1400-ге жуық мемлекеттік грант иегері, ақылы негізде 700-ден астам студент, 150 магистрант пен докторант оқуға түсті. «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» филиалына 100-ден астам білім алушы, сондай-ақ алыс және жақын шетелдерден 600-ге жуық студент қабылданды.
Биылғы бірінші курс студенттерінің сапалық құрамы қуантады: араларыңызда халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері, 30 «Алтын белгі», 48 «Үздік аттестат» иегері бар. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артып отыр. Сонымен қатар арамызда өнерлі де дарынды жастар, кәсіби спортшылар мен бірнеше тілді меңгерген алғыр өрендеріміз өте көп.
Бүгінде KazNARU халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне айналуда.
Университетіміз әлемнің 200-ден астам жетекші оқу орындары және ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Су үнемдеуді цифрлық басқару, агродрондарды зерттеу, SMART-технологияларды енгізу бағыттарында бірлескен халықаралық зертханалар ашылып, жасанды интеллект саласында қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Оқу орнымызды халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті ретінде дамыту мақсатында 2026 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ҚазҰАЗУ-дың 2026–2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 27,2 миллиард теңге қаржы бөлінді», – деді А.Қ. Күрішбаев.
Бірінші курс студенттері атынан «Агробиология» факультетінің «Үздік аттестат» иегері Жанерке Исенбек, «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің «Алтын белгі» иегері Әділжан Бектенов, «Инженерлік технологиялар» факультетінің «Алтын белгі» иегері Жазира Кемелжан және «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің «Алтын белгі» иегері Нұрсана Қосым сөз сөйлеп, студенттік өмірге қадам басқан замандастарына ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «Заман» тобы өнер көрсетіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Сонымен қатар «ONE» би тобы мың бұрала билеп, KazNARU жастарынан құралған «Univers» триосы ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік бағдарлама «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Білім күні – жаңа мүмкіндіктер мен үлкен мақсаттарға бастайтын ерекше күн. KazNARU табалдырығын алғаш аттаған барлық бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолында толағай табыс, жарқын жетістіктер мен мазмұнды студенттік өмір тілейміз!
Жүз жылға жуық тарихы бар қара шаңыраққа қош келдіңіздер!
KazNARU Баспасөз қызметі