KazNARU-да МАГИСТРАТУРА ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ
2026 жылдың 4 шілдеде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде оқу орнының Басқарма Төрағалары, проректорлар, Ғылым және академиялық мәселелер департаменттері, факультет декандары мен орынбасарлары, кафедра меңгерушілері, магистранттардың ғылыми жетекшілері, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналардың қатысуымен магистратура түлектеріне салтанатты түрде дипломдар табысталды.
Мерекелік іс-шараны ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов құттықтай отырып, заманауи білім беру бағдарламалар мен ғылыми жобалар аясында оқып, ғылым магистрі академиялық дәрежесін алған түлектерге сәт сапар тіледі.
«Қазіргі таңда KazNARU бәсекеге қабілетті, білікті кадрларды даярлауда ғана емес, заманауи озық ғылымды игерген жастарды тәрбиелеуге де баса назар аударады. Зерттеу университеті деген мәртебе бізге ғылыми бағыттарды тереңдетуді, жаңа технологиялар мен инновациялық зерттеулерді ұлғайтуды талап етеді.
Магистратура – бұл үш деңгейлі жоғары білім беру жүйесінің екінші деңгейіне саналады, әрі кең және тереңірек білім алған білікті мамандарды тәрбиелеп шығарады.
Сіздерді өндірісте абыройлы еңбек етумен қатар, ғылым саласында да бақ сынауға, докторантура деңгейінде білімдеріңізді жалғастыруға шақырамын», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Бітіруші түлектерге дипломдарды Басқарма мүшелері мен Ғылым департаментінің директоры салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты шарада KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың атынан шетелде өткен халықаралық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, ғылыми мақалаларын жариялаған, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, халықаралық жобалар мен академиялық қызметте жоғары жетістіктерге жеткен, сондай-ақ ерекше белсенділік танытқан үздік түлектерге Алғыс хаттар табысталды.
Магистр атанған жастарымызды шын жүректен құттықтаймыз және өмірде алға қойған мақсаттарына жете берулеріне тілектеспіз!
KazNARU Баспасөз қызметі