ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ МЕН ЖАҢАРУ БАҒЫТЫ
Қазақстан Республикасы Конституциясының ресми түрде қолданысқа енгізілуіне орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Жаңа Конституция: тәуелсіздік құндылықтары мен жаңару бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясының қоғам мен мемлекет өміріндегі стратегиялық маңызын зерделеу, конституциялық реформалардың терең мазмұны мен мәнін ашу, сондай-ақ тәуелсіздік құндылықтарын нығайтудағы рөлі мен құқықтық мемлекет қалыптастырудың жаңа бағыттарын жан-жақты талқылау.
Ауқымды іс-шара аясында университеттің жетекші ғалымдары мен оқытушыларының қатысуымен мазмұнды пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Жиында PhD доктор Е.Оспанов, тарих ғылымдарының кандидаттары, қауымдастырылған профессор А.Қожабекова мен Г.Давлетова, саяси ғылымдардың кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Көпбаева, сондай-ақ аға оқытушылар Н.Тәуекелова мен Л.Нұрбаева «Конституция және демократиялық жаңғыру», «Жаңа Конституция: жастардың өмірлік бағдаршамы», «Конституциялық реформалар - әділетті Қазақстанның негізі», «Заң үстемдігі - Конституцияның басты қағидасы», «ҚР Конституциясы: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» тақырыптарында баяндамалар жасап, өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел жұмысына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушы жастар, сондай-ақ тәрбие департаментінің мамандары белсенді қатысып, конституциялық реформалардың елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі, қоғамдық келісім мен заң үстемдігін нығайтудағы маңызы төңірегінде пікір алмасты.
Іс-шарада Ата заң қағидаттарын қоғамда, әсіресе білім ордаларында кеңінен насихаттау, жастардың құқықтық сауаттылығы мен экологиялық мәдениетін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру бағытында бірқатар стратегиялық ұсыныстар ортаға салынды.