KazNARU ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ҚУАНЫШТЫ СӘТТЕРІ
Бүгін салтанатты диплом табыстау рәсімін «Орман шаруашылығы және жер ресурстары» факультетінің бітірушілері жалғастырды.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің еліміздің жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған бейнеқұттықтауымен ашылды.
KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың атынан Ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, орман шаруашылығы мен жер ресурстары, ландшафты дизайн саласының экологиялық тепе-теңдікті сақтау және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызына тоқталып, бүгінгі түлектердің елдің жасыл болашағын қалыптастыратын білікті мамандар болатынына үлкен сенім білдірді.
Мерекелік шараға университеттің Басқарма мүшелері, проректорлар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары, достары қатысты.
Бітіруші түлектерге дипломдарды Басқарма мүшелері мен проректорлар салтанатты түрде табыстады.
Диплом иегерлері студенттік жылдарда бағыт-бағдар беріп, сапалы білім алуға, тұлғалық және кәсіби тұрғыдан қалыптасуға үлкен мүмкіндік жасаған университет Ректорына, профессор-оқытушылар құрамына шынайы алғыстарын білдіріп, білім ордасында өткен жарқын студенттік шақтарын ыстық ықыласпен еске алды.
Бүгінгі түлектер – ертеңгі орман қорын сақтайтын, жер ресурстарын ұтымды басқаратын, ландшафтық кеңістіктерді тиімді жобалап, еліміздің табиғи байлығын қорғауға үлес қосатын білікті мамандар. Бұл – үлкен жауапкершілік пен зор сенім.
Құрметті жас түлектер! Алған білімдеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз ел игілігіне қызмет етіп, таңдаған мамандықтарыңызда биік белестерді бағындыруға жол ашсын!