KazNARU ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ СЕРІКТЕСТІГІН НЫҒАЙТУДА: КАБУЛДА ҚАЗАҚСТАН–АУҒАНСТАН ОҚУ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

KazNARU ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ СЕРІКТЕСТІГІН НЫҒАЙТУДА: КАБУЛДА ҚАЗАҚСТАН–АУҒАНСТАН ОҚУ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында маңызды стратегиялық қадам жасады. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға ресми сапары аясында Кабул қаласында су ресурстарын басқару, ирригация және орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан–Ауғанстан оқу-зерттеу орталығын құру туралы келісім жасалды.
Құжатқа Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Кабул университеті арасында қол қойылды. Жаңа орталық Кабул университетінің базасында құрылып, су ресурстарын тиімді басқару, ирригация, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау бағыттарында жұмыс істейтін болады.
KazNARU үшін бұл бастаманың маңызы ерекше. Университет аграрлық ғылым, су үнемдеу технологиялары, цифрлық мониторинг, геоақпараттық жүйелер және ақылды ауыл шаруашылығы бағыттарындағы ғылыми-білім беру әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілететін жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде жобаға қатысуда.
Орталықтың жұмысы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін аса өзекті мәселелерге бағытталады. Атап айтқанда, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану, ирригациялық жүйелерді жетілдіру, климаттық өзгерістерге бейімделу және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту басты назарда болады.
KazNARU халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Рафис Фанисович Абазов аталған бастаманың екі ел арасындағы ғылыми және академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба озық қазақстандық ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге, агроинженерлік бағыттағы жаңа буын мамандарын даярлауға және ақылды ауыл шаруашылығы технологияларын дамытуға мүмкіндік береді.
Кабулдағы Қазақстан–Ауғанстан оқу-зерттеу орталығы академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және үздік халықаралық тәжірибелермен алмасуға арналған тиімді алаңға айналады.
Бұл бастама Мемлекет басшысының су дипломатиясын нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанды халықаралық білім мен ғылым кеңістігіндегі жетекші орталықтардың бірі ретінде танытуға бағытталған стратегиялық бағытымен толық үндеседі.
KazNARU-дың осындай ауқымды халықаралық жобаға қатысуы университеттің аграрлық ғылым, су ресурстарын басқару және орнықты даму салаларындағы ғылыми әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
---------Chatbot---------
виртуальный помощник