KazNARU ПРОФЕССОРЫ «ҰЛТТЫҚ СПОРТ ЖАНАШЫРЫ» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
2026 жылғы 30 мамырда Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясының ұйымдастыруымен ҚР ұлттық спорт түрлері федерациялары басшыларының қатысуымен тұңғыш рет Ұлттық спорт түрлерінің құрылтайы өтті.
Ұлттық спорт түрлері – халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан рухани қазынасы, ұлттық құндылықтарымыздың маңызды бөлігі. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, бұл бағыт елімізде жаңа қарқынмен дамып келеді.
Қазақ спортының қара шаңырағында өткен алқалы жиында ұлттық спорт түрлерінің бүгінгі даму барысы, жеткен жетістіктері мен өзекті мәселелері талқыланды. Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық спорт түрлерін бірлесе дамыту бойынша бағдарлама әзірлеу мәселесін де ортаға салды.
Құрылтайдың негізгі бөлімінде бірқатар спикерлер баяндама жасады. Олардың қатарында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Н.О. Базанова атындағы «Жануарлар биологиясы» кафедрасының ұстазы, профессор, академик Исхан Қайрат Жәлелұлы да болды. Ол «Бәйге – ат спорты» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық ат спортының дамуы мен оны ғылыми тұрғыдан қолдаудың маңызына тоқталды.

Іс-шара соңында ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген спикерлерге Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар KazNARU профессоры Исхан Қайрат Жәлелұлы «Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісімен марапатталды.
KazNARU ұжымы әріптесімізді лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық спортты дамыту жолындағы еңбегіне табыс тілейді!


