KazNARU АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ҮШІН ЖАҢА БУЫН МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАУДА

KazNARU АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ҮШІН ЖАҢА БУЫН МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАУДА

Kazinform агенттігіне берген сұхбатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, саланы цифрландыру, жасанды интеллект құралдарын енгізу, аграрлық ғылымды дамыту, су үнемдеу технологияларын кеңейту, ветеринария саласын жаңғырту және жоғары білікті кадрлар даярлау мәселелері көтерілді.

Осы бағыттар KazNARU-дың білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметімен тікелей үндеседі. Университет агроөнеркәсіп кешенінің жаңа талаптарына сай кадр даярлау жүйесін жаңғыртып, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының өзгерістеріне, салалық трендтерге және өңірлік қажеттіліктерге бейімдеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Ақылбек Күрішбаевтың бастамасымен университетте жасанды интеллектті, халықаралық білім беру бағдарламаларын және қолданбалы ғылымды дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағыттар бәсекеге қабілетті ғылыми-білім беру ортасын қалыптастырудың және агроөнеркәсіп кешеніне қажетті жаңа буын мамандарын даярлаудың маңызды факторы ретінде қарастырылады.

Қазіргі таңда университетте 131 білім беру бағдарламасын өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, өңірлік кадр қажеттілігі карталары, агробизнес сұраныстары және еңбек нарығындағы нақты өзгерістер негізінде іске асырылуда. Сонымен қатар технологиялық жаңғырту жағдайында өзектілігін жоғалтқан бағдарламаларды қайта қарау, қолданыстағы білім беру траекторияларын жаңарту және жаңа инновациялық бағыттарды енгізу көзделіп отыр.

Осы жұмыстың маңызды бағыты ретінде жетекші агрохолдингтермен және салалық жұмыс берушілермен тығыз байланыста дуалды оқытуға негізделген 10 инновациялық білім беру бағдарламасы енгізілуде. Бұл тәсіл студенттердің теориялық білімін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыруға, түлектердің еңбек нарығына бейімделуін күшейтуге және агробизнес сұраныстарына жауап беретін мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Қазіргі АӨК цифрлық агрожүйелер, мал шаруашылығын роботтандыру, агроэкология, биотехнология, су ресурстарын басқару, агродрондарды пайдалану, AI-шешімдер және агродеректерді талдау бағыттары бойынша жаңа құзыреттерді қажет етеді. Мұндай дағдылар Қазақстанның аграрлық секторының орта мерзімді перспективадағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналуда.

Осыған байланысты KazNARU 2025–2026 оқу жылынан бастап Қытайдың Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп, жасанды интеллект бойынша екі дипломды білім беру бағдарламасын іске асыруда. Сонымен қатар робототехника бойынша жаңа екі дипломды бағдарламаны іске қосу мәселесі қарастырылуда. Бұл бағдарлама цифрлық ауыл шаруашылығы, автоматтандырылған агрожүйелер және жоғары технологиялық салалар үшін мамандар даярлауға бағытталады.

Университеттің ғылыми қызметінде де агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. KazNARU ғалымдары Ұлттық ғылым академиясының сарапшыларымен бірлесіп, су ресурстарын мониторингтеу және болжауға арналған интеллектуалды платформаларды әзірлеу бағытында ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыруда.

Осындай бағыттардың бірі — DeepBas моделі. Бұл су ресурстарын мониторингтеу, болжау және сценарийлік басқаруға арналған интеграцияланған AI-платформа ретінде әзірленуде. Мұндай шешімдер бассейндік жүйелерді басқаруға, су тәуекелдерін төмендетуге, құрғақшылықты болжауға және АӨК-де су ресурстарын тиімді пайдалануға ғылыми негізделген тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Университет үшін ғылым, білім және өндіріс интеграциясы, агротехнологиялық құзыреттерді дамыту, аграрлық мамандықтардың мәртебесін арттыру және ауыл шаруашылығы үшін адами капиталдың жаңа моделін қалыптастыру басым бағыттардың бірі болып қала береді.

KazNARU агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына үлес қоса алатын, цифрлық экономика талаптарына бейімделген және аграрлық саланың жаңа технологиялық даму кезеңіне жауап беретін жаңа буын мамандарын даярлау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.

KazNARU Баспасөз қызметі

 
---------Chatbot---------
виртуальный помощник